Кіші қажылыққа шетелдік мұсылмандар қайта қабылдана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кіші қажылыққа шетелдік мұсылмандар қайта қабылдана бастады

09.08.2021

Сауд Арабиясы вакциналанған шетелдіктерді бүгіннен бастап кіші қажылыққа қабылдауға кіріседі. Осылайша, бұл корольдік 18 айдан бері қайтадан өз аумағына өзге мемлекеттердің парыз өтеуші азаматтарын кіргізіп отыр.

Бұған дейін «умра» қажылығына айына 60 мың мұсылман жиналса, енді олардың санын бірте-бірте 2 миллионға дейін көбейту көзделіп отыр. Ал, Үндістанда коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар 500 миллионға жетті. Мұны ел премьер-министрі Нарендра Моди мәлімдеді. Бұл мемлекетте барлық ересектерді тегін вакциналау науқаны маусымның 24-де басталды.

Үндістан - пандемиядан аса қатты зардап шеккен елдердің бірі. Бұнда ковидті 32 миллионға жуық адам жұқтырып, 427 мыңдайы қайтыс болды.

АҚШ-та мұғалімдерден вакцина паспортын талап ету мәселесі көтеріліп отыр. «Америка ұстаздары федерациясының» президенті Рэнди Вэйнгартеннің мәлімдеуінше, оқытушыларды иммундау тым жас балаларды вирус қаупінен қорғау үшін қажет. Құрама Штаттарда қазір коронавируспен госпитальге түскен жеткіншектер көбейіп келеді. Бұған осы инфекцияның «дельта» вариантының кең тарауы себепші.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу