Павлодарда 80 жастағы қария вакцина салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 80 жастағы қария вакцина салдырды

05.08.2021

Павлодарда 80 жастағы қария вакцина салдырды. Ал, Атырау облысының Құрманғазы ауылында екпе алған екі бірдей тұрғын миллионер атанды. Олардың әрқайсына 3 млн теңгеден табысталған. Ауыл аймақтарда өз еркімен екпе салдыртып жатқандардың қатары артып келеді. Болат Аманбаев аймақтардағы ахуалды баяндасын.

Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылының тұрғыны Әмеш Мақашев бір жылдан бері жиын-тойға баруды доғарған. Деседе, келімді- кетімді кісі бар, сондықтан вирустан қорғанудың жалғыз жолы екпе алу дейді қария. Оның үстіне ауылдағы 1,5 мың тұрғынның 600-і ғана вакцина салдырыпты. Соларға үлгі болғым келді-деген ақсақал алдымен тексеруден өтіп, Спутник V препаратының 1-компонентін алды.

Әмеш Мақашев, ауыл тұрғыны: 
Тарихта білеміз ғой қандай аурулар болғанын. Бәрін де осы вакцинамен құртты. Мына вакцина да көмектесер. Көп адамдар ауырып жатыр. 

Денсаулық сақтау саласының ардагері, дәрігер Бақтығали Ахметов те екпенің пайдасын алға тартады. Осы салада 50 жылдан астам еңбек еткен маман қазір зейнетке шыққан. Егде жасына қарамастан, ел қатарлы екпе алған ол адамзаттың небір ауыр індетті екпенің күшімен ғана жеңгенін айтады.

Бақтығали Ахметов, денсаулық сақтау саласының ардагері: 
Мына соңғы кезде шешектен түгелдей жер жүзі құтылды осы екпенің арқасында. Менің, мысалы, туған апам, өзімнен 2 жас үлкен, қызылшадан қайтыс болған еді. Екпенің арқасында қазір қызылша ауруы жоққа тән. Ауырғанның өзінде жеңіл өтеді, өйткені екпенің пайдасы. Сондықтан екпеден қорықпай, егілу керек.

Ал, Атырау облысында, Құрмазы ауданының екі тұрғыны екпе алғаннан кейін миллионер атанды. Олардың әр қайсысына 3 млн теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.

Насиполла Гарифов,  Құрманғазы ауданының тұрғыны: 
Екпені 29 шілде күні отбасыммен бірігіп алдым. Мұндай сыйлыққа ие болам деп мүлде ойламадым. Бірінші рет естіп тұрмын.

Олжалы болғандар «Вакцина алып, ақшалай сыйлыққа ие бол» акциясына қатысқан. Осы шара негізінде еркіті түрде екпе алған тағы 10 тұрғынға 200 мың теңгелік сертификат берілді. Ұтыс ойыны әр он күн сайын, қазан айына дейін жалғасады. Жалпы өңірде 145 мыңдай адам екпенің I компонентін алған.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу