Шымкенттегі базарлар екі аптаға жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі базарлар екі аптаға жабылады

29.07.2021

Шымкенттің барлық базары келер аптадан бастап 14 күнге жабылады. Жаңа қаулыға сәйкес, тамыздың 2-16 аралығында қаладағы азық-түлік пен киім-кешек сататын сауда орындары жұмыс істемейді. Қаланың бас санитар дәрігері жаңадан осындай қаулы шығарды. Қазір шаһарда азық-түлік, көлікке қажетті қосалқы бөлшектер сататын бас-аяғы 13 базар бар. Бірақ соның ешқайсысы ашық жобасына тіркелмеген. Енді жаңа қаулы бойынша сауда орталықтарының барлығы уақытша жабылуы тиіс. Өйткені тұрғындардың дәл осы базарларда көп жұқтыратыны анықталған. Десе де мұндай шектеулер азық-түлік сататын дүкендер мен супермаркеттердегі тауарлар тапшылығы мен қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бірақ санитар дәрігерлер дәл қазір экономикадан гөрі, тұрғындардың денсаулығы маңызды дейді.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Экономикалық жағдай немесе басқа жағдай, шынын айтқанда, ол екінші жоспарда. Негізгі мақсат – қала тұрғындары арасында эпидахуалды жеңілдету, ауруды тоқтату, азайту.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу