Қарағанды әуежайынан Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындары үшін гумманитарлық көмек жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды әуежайынан Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындары үшін гумманитарлық көмек жөнелтілді

25.06.2019

«Сарыарқа» әуежайынан 10 тонна жүк тиеген ЯК-40 маркалы ұшағы кеше түнде жіберілді. Онда азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа ең қажетті заттар бар. Сондай-ақ, өңірдегі «Nur Otan» партиясының филиалы жанынан арнайы гумманитарлық көмек жинау орыны ашылды. Мұнда да облыс тұрғындары, кәсіпкерлері өздерінің жылуын жинайды. Арыстық ағайынға қолдау көрсетуге «Қызыл ай» қоғамының облыстық бөлімшесі де кірісіп кетті. Мұнда негізінен арнайы шот ашылып қаржылай көмек жиналуда. Қарағанды облысында 2012 -2015 жылдар аралығында болған су тасқыны кезінде бұл ұйымның атқарған жұмысы, жинақтаған тәжірибесі зор. Осындай тәжірибелі мамандар Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында аттанатын болады.

Облыста қазір төтенше жағдайлар департаменті жанынан Арыс қаласы бойынша «жедел желі» қызметі жұмыс істеуде. Кешелі бері өңірдегі 6 тұрғын хабарласып туыстарының қал-жағдайын білген. Төтенше жағдайға байланысты Қарағандыда сол бағытқа жүретін №252 «Самарқанд-Нұр-Сұлтан» пойызы уақытша тоқтатылды. Ал Шымкентке баратын басқа пойыздардың қозғалыс кестесі өзгеріссіз. Қарағандылық тұрғындар да бұл оқиғаға бей-жай қарамайтындықтарын жеткізді.

Татьяна Абрамова, «Қызыл ай» ҚБ Қарағанды филиалының директоры:

Шымкенттегі әріптестеріміз арыстықтарға қажетті ең басты заттарды айтты. Олар төсек-орын, кішкене балалары бар аналарға керек-жарақтар, көпшілікке санитарлық-гигиеналық заттар. Осының барлығын алу үшін біз арнайы шот аштық. Тек қана қаржылай жинаймыз. Бүгін бір топ болып Түркістан облысына жолға шығамыз. Барып көзбен көріп, не керек екенін түбегейлі анықтап, қаражатты мақсатты жұмсауға жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ, мамандарымыз психологиялық, моральдық көмектер көрсетеді.

Аягөз Тұрсынбай, қала тұрғыны:

Кешегі Арыста болған жағдайды естіп шын көңілімізбен қайғырудамыз. Адамдар жапа шеккен екен, қайтыс болғандар бар екен, балалар ата-анасынан ажырап қалған. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен осы орайда барлық ел болып осы қиындықты бірге жеңіп шығуымыз керек деп ойлаймын.

Мерхат Иманқұлов, қала тұрғыны:

Арыс қаласында болып жатқан жағдай қазақ еліне үлкен сынақ болып жатыр. Барлық жастар, үлкендер бірігіп көмек көрсетуге дайынбыз әрқашанда. Қарағанды жастары көмек қолын созып қандай қажеттілік болады соған қолдау көрсетеміз деген ойдамыз.

Ботабек Тілегенов, қала тұрғыны:

Бүкіл қазақ халқын елең еткізгені ақиқат. Оған барша обыстарда көмек өкрсетіліп жатыр. Қарағандылық жастардың атынан біздер де елеусіз, ескерусіз қалдырмаймыз. Өз тарапымыздан қолдан келгенше қолдау көрсетеміз. Әрине Арыстағы ағайынға сабырлық берсін дейміз.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу