Алматы ауруханаларда 4 мыңға жуық адам коронавирустан ем алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы ауруханаларда 4 мыңға жуық адам коронавирустан ем алып жатыр

26.07.2021

Алматыда соңғы тәулікте 1219 адам вирус жұқтырды. Ауруханада жатқандар саны 4 мыңға жуықтады.917 адамның жағдайы ауыр. 250-дей науқас өмір үшін арпалысып жатыр. Дәрігерлер күн-түн демей, ұйқы көрмей, науқастарға қызмет көрсетуде. Тілшілеріміз қаладағы инфекциялық стационарлардың біріне барып, жағдайды көзбен көріп қайтқан еді.

Қызылордадан отбасымен бірге қыдырып келген Жәмилә Жанаева ойда жоқта вирус жұқтырып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Ем алып жатқанына екі аптадан асқан ол бұған дейін вакцинаға сенбегенін, оның маңызын енді түсінгенін айтады.

Жәмилә Жанаева, науқас:
Жансақтау бөлімінде дәрігерлер күнімен түнімен арпалысты. Шындап айтқан кезде о дүниеден алып шықты. Өте ауыр халде түстім. Ауа жетпей, тынысым тарылып, жылап, ес-түсімді білмей қалдым, шынымды айтсам. Осыдан аман-есен шықсам, вакцинасын салдыртып аламын. Енді халыққа айтарым, вакцина салдырыңдар.

Қазір бұл ауруханада коронавирус жұқтырған 600-ден астам адам емделіп жатыр. 150-ге жуық науқастың жағдайы ауыр. 57-сі жансақтау бөлімінде. Инфекциялық стационарға күніне кемі 50 адам түседі.

Осман Қадыров, орталық клиникалық аурухананың дәрігері:
Ауруханаға түскендердің 99 пайызы вакцина салдырмағандар. Науқастардың қатарында екпе алғандар да бар. Бірақ олар жансақтау бөліміне түскен жоқ. Жағдайлары қалыпты.

COVID-19-ға шалдыққандар қатарында өз бетімен ем алып, ауруы асқынған соң ғана көмекке жүгінетіндер көп. Дәрігерлер пациент қаншалықты кеш хабарласса, емдеу де соншалықты ауыр өтетінін ескертті. Айта кетейік, қауіпті инфекция жұқтыру көрсеткіші жасөспірімдер арасында да жиіледі. Олардың үлесі 4,6 пайызға жетті. Сондай-ақ, стационарларда 238 бала ем алып жатыр. 178-і бір жасқа да толмаған сәбилер. Сондықтан, мамандар індеттен құтылудың жалғыз жолы тек вакцина екенін айтып, көпшілікті соған шақырып отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу