Маңғыстау облысында 10 ауылға жаңа әкім сайланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында 10 ауылға жаңа әкім сайланады

22.07.2021

Маңғыстау облысында 10 ауылға жаңа әкім сайланады. Соның бірі Ақшұқыр аулына басшы болады. Қазір мұнда әкім болуға үмітті 4 кандидат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Ал, жолдың азабын тартып, электр жарығы мен суға жарымай отырған тұрғындар әкімді өздері таңдауға дайын.

Бисенгүл Қызбекова, Ақщұқыр аулының тұрғыны:
Біздің аулымызда су тапшы. Аптасына 1 рет 2 рет келеді. Қазіргі кезде аптасына 1ақ рет келіп тұр. Келешек әкімнен біз сұрайтынымыз ең негізгі осы судың тапшылығын, су мәселесін бізге шешіп берсе екен деп ойлаймыз.
Ринат Нұржан, Ақщұқыр аулының тұрғыны:
Мен осы ауылдың белсенді жасы, белсенді тұрғыны ретінде 25 шілде күні сайлауға барып, өз даусымды беремін. Әкімдерді өзіміз сайлаймыз ең қуанышты жаңалық осы. Өйткені, сайлаған әкімдерімізге өз талаптарымызды айта аламыз.

Ақшұқыр аулындағы №239 сайлау учаскесі саяси науқанға сақадай сай отыр. Мұнда сайлаушылардың еш кедергісіз дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Әсіресе санитарлық талап басты назарда.

Ал, Ақмола облысында барлығы 95 әкім сайланбақ. Әкім лауазымына үміткерлер қазір үгіт-насихат жүргізуде. Өңірде 303 кандидат бар. Оның 93-і партиялар атынан, 210-ы өзін-өзі ұсынғандар. Облыста 218 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Ораз Рахметов, Станционный кентінің тұрғыны:
Іскер әкім келсе соны қабылдаймыз. Ал өзіміздің қазіргі айта алмаған немді, ертең де, бүгін ана жерді бүйт, мына жерді бүйт деп оған айтып тұрамыз. Қыстыгүні жолымызды тазалап берсін, автобус жүру тоқтамасын. Бәрін сол әкімнің мойнына өзіміз бәрін саламыз. Бәрін айтамыз.

Ал, Солтүстік Қазақстанда 60 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Оның 280-і алғаш рет дауыс береді.

Тамара Иговцова, ауыл тұрғыны:
Шілденің 25-і ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Бәріміз сайлауға қатысамыз деп шештік. Осылайша бізді алға жетелейтін әкімді таңдай аламыз.

Жалпы еліміз бойынша барлығы 2400-ге жуық әкім бар. Соның 750-ге жуығы осы сайлау нәтижесі бойынша тағайындалмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу