Арыстағы ағайын аман-есен қауіпсіз жерге көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы ағайын аман-есен қауіпсіз жерге көшірілді

25.06.2019

Арыстағы ағайынға алаңдаған Алты Алаштың азаматтары кешелі бері қолдан келер көмегін аяп жатқан жоқ. Мемлекеттік, жеке мекемелер, ірі, шағын компаниялар мен еріктілер тобы бір-бірінен көз жазып қалған балалар мен ата-аналарды табыстыру үшін іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.

Төтенше жағдайдың туындау себебін түсініп, аймақтан көшірілген дүйім жұрттың қал-жағдайын білу үшін кеше кешкісін Түркістан облысына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та барған еді. Президент алдымен жарылыс салдарынан қайтыс болған азаматтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қаладан қауіпсіз жерге көшірілген халықпен жүздесіп, қару-жарақ қоймасындағы жарылыстардың зардаптарын қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. 45 мың халқы бар Арысты әбігерге салған төтенше жағдайға кінәлілер анықталысымен, олар міндетті түрде қатаң жазаланады. Бұған президенттің өзі кепілдік беріп отыр.

Арыстағы ағайын аман-есен қауіпсіз жерге көшірілді. Сын сағатта сыр бермеген сарбаздар мен ел болып біріккен қайырымды жандардың арқасында алғашқы жәрдем мейлінше дереу әрі жан-жақты көрсетілді. Ендігі басты мақсат – қауіпсіздікті сақтау.

Апаттан кейінгі Арыс. Кей көп қабатты ғимараттардың қаңқалары ғана қалған. Өрт сөндірушілердің мәліметіне сәйкес, шамамен 15 тұрғын үйді тілсіз жау жалмаған. Ауыздықталған табиғи өрт ошақтарының саны да он беске жуықтайды. Президент қару-жарақ қоймасына ең жақын орналасқан ауданға барып, қираған нысандарды өз көзімен көріп қайтты.

Апаттың алдын алу мүмкін болмады. Алайды мұндай жағдайды болдырмау үшін Арысты қару-жарақтан толығымен арылту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Бұл қойманың не керегі бар еді? Қойма баяғыда-ақ тым болмаса, қала сыртына шығарылуы керек еді. Осы күнге дейін сонда қала берді. Ал енді мына жарылыстардан соң көзін жойған дұрыс. Арыс толығымен жарылғыш заттардан тазаланып, бірде-бір қару-жарақ қалмауы тиіс.

Жарылысты бейнеден емес, өз көзімен көрген жандар. Есеңгіреп қалған арыстықтықтар емін алып жатыр. Президент зардап шеккендерге үй-күйге алаңдамауға кеңес берді. Өйткені оны үкімет өз мойнына алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Арысқа барып қайттым. Жағдай өте қиын шынын айтқанда. Дегенмен, тапсырмам бойынша үкімет барлық жағдайын жасап береді.

Мемлекет басшысы Арыс тұрғындары уақытша орналасқан пункте де барды. Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз жерге көшірілген мыңдаған адамды ыстық тамақпен, төсек-орынмен, басқа да керек-жарақпен қамтамыз ету үшін бар күш-жігер жұмсалатынын жеткізді. Ал жүкті жұмыла көтеріп, бірлігін көрсеткен азаматтарға президент ерекше алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Осында келіп тұрғандардың көпшілігі – ардагерлер. Таңертеңнен бастап осындамыз. Амандық болса, бәрі жақсы болады. Қаланы қайтадан жөндейміз. Ремонт жасаймыз.

Альбина ӘШІМ


 

Хабарламаларға жазылу