Қазақстанның барлық өңірінен коронавирустың «Дельта» штамы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның барлық өңірінен коронавирустың «Дельта» штамы анықталды

14.07.2021

Қазақстанның барлық өңірінен коронавирустың «дельта» штамы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы Роза Қожапова журналистердің қатысуымен өткен баспасөз жиынында айтты. Республика аумағында ауруға шалдыққан жандардың зертханалық сынамаларына жүргізілген скрининг нәтижесі – көңіл көншітерлік емес. Министрлік өкілі, сондай-ақ, қазақстан халқының 46,5 пайызы вакцинаның алағшқы компонентін салдырғанын да жеткізді.

Роза Қожапова, Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы:
Ел аумағында үнді штамын анықтауға 414-ке жуық сынама скринингі жүргізілді. Нәтижесінде, облыстарда коронавируспен ауырып жатқан тұрғындардың 48 пайызында «дельта» штамы анықталды. Бұл қатарға Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалалары да кіреді. Сондай-ақ, ел аумағында екпенің бірінші компонентін 4 млн 601 мың 830 адам салдырса, екінші дозаны 2 млн 541 мың 853 тұрғын қабылдаған. Қазір өңірлердегі вакциналау бекеттерінде екпенің бірінші компонентінің 753 мың, екіншісінің 1 млн 280 мыңнан аса дозасы бар.

Сондай-ақ, министрлік өкілдері баспасөз жиынында вакциналау паспортын сатып алып, кейін жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан науқас туралы да айтып берді.

Роза Қожапова, Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы:
Реанимацияда тіркеліп жатқан оқиғалар өте көп. Мысалы, жақында екпе алғанын растайтын паспорты бар науқас коронавирус жұқтырып, аса ауыр халде жатты. Кейін ол реанимацияға түскен соң, құжатты сатып алғанын мойындады. Сондықтан, ел тұрғындарын мұндай заң бұзушылықтарға бармай, өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын ойлауға шақырамын.

Абылай Ғаділжан

Хабарламаларға жазылу