Еліміздің төрт өңірінде карантиндік шаралар күшейтіледі. Бүгін коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген премьер-министр Асқар Мамин осындай тапсырма берді. Өйткені Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Атырау облыстарында жағдай күрделі. Ел бойынша індет жұқтыру мен өлім-жітімнің 55%-ы осы өңірлерге тиесілі. Сол үшін төрт аймақта карантин күшейтіледі.
Яғни қалааралық және қалалық автобустар уақытша жүрмейді. Жабық жағажайлар мен аквапарктердің, аттракциондардың қызметі тоқтатылады. Демалыс күндері «Аshyq»-қа қатысатынына қарамастан, СОСО-ның, сауда үйлерінің, спорт және қоғамдық тамақтану объектілерінің, моншалардың, кинотеатрлардың, театрлардың, компьютерлік клубтардың, боулингтердің, түнгі клубтардың, білім беру орталықтарының, банктердің, діни нысандардың жұмысына тыйым салынады. Жұмыс күндері СОСО, ашық және жабық базарлардың қызметі сағат 17:00-ге дейін қысқарады.
Вакцина алған және соңғы 3 ай ішінде коронавирустан жазылып шыққан адамдарды қоспағанда, барлық ұйымдардың 80% қызметкері үшін қашықтан жұмыс істеу форматы енгізіледі.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Барлық өңір әкімдеріне, орталық мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын жұмылдыру, оның ішінде резервтік төсек-орындарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтар мен кадрларды қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысына ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ әсіресе Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында вакциналау қарқынын күшейту қажет.
Досжан Маратұлы