Алматыда «Дельта» штаммының үлесі 80 пайызға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Дельта» штаммының үлесі 80 пайызға жетті

12.07.2021

Алматыда «дельта» штамын жұқтыру дерегі жиіледі, індеттің бұл түріне шалдыққандардың үлесі 80 пайызға жеткен. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәліметіне сай эпидахуал шиеленісіп барады.

Айта кетейік, шаһарда вирустың үнділік штамы 18 маусымнан бері тарала бастады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жұқтыру көрсеткішінің 16 пайызы «альфа», үш пайызы COVID-19 нұсқасы. Ал қалған басым бөлігі «дельта» штамына тиесілі. Арнайы талдаулар нәтижесіне сай үнді штамын 20 мен 40 жас аралығындағы тұрғындар көп жұқтырған. Ал, 40-тан асқандардың әрбір төртіншісі осы індетке шалдыққан. Сонымен қатар Алматыда коронавирусқа қарсы «Hayat-Vax» және «CoronaVac» вакциналарының таусылғаны белгілі болды. Отандық «QazVac» та бітудің алдында. Тұрғындардың «Спутник V» алуына ғана мүмкіндік бар.

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:
Күнделікті сырқаттанушылық деңгейі 65-110 жағдайға дейін түсіп еді. Бірақ, бұл жақсарту жағдайы он күнге ғана созылды. Одан кейін аурушаңдықтың көтерілуі байқалды. Оның себебін бәріміз білеміз. Үшінші аптадан бастап қазіргі уақытқа дейін «дельта» немесе үнді нұсқасының тәулігіне 600-ден астам жағдайын байқап отырмыз.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу