Италия 53 жылдан соң футболдан Еуропа чемпионы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италия 53 жылдан соң футболдан Еуропа чемпионы атанды

12.07.2021

Жарты ғасырдан кейінгі жеңіс! Италия араға 53 жыл салып, екінші рет футболдан Еуропа чемпионы атанды. Кеше олар Лондондағы Уэмбли стадионында ағылшындармен финалдық матч өткізіп жеңіске жетті. Қауіпті әрі қызықты да әсерлі сәттерге толы кездесуге тілшіміздің шолуы.

Бір айға созылған Еуропа чемпионатының соңғы ойынын жанкүйерлердің асыға күткені анық. Күллі әлемнің назарын аударған матч тартысқа толы болды. Кездесудің 2-минутында-ақ Англия алға шықты. Люк Шоу Киран Триппьердің пасын ұтымды пайдаланып, қарсыластың қақпасына гол салды. 

Бұл Еуропа біріншілігінің финалдық ойындарында ең жылдам соғалған гол. Бұдан соң италиялықтар есепті теңестіруге тырысқанымен онысы бірден бола қоймады. Тек екінші таймда шабуылды үдетіп, 34-тегі қорғаушы Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Осылайша ол Еуропа чемпионатының финалында гол соққан жасы ең үлкен ойыншы атынды. 

Осылайша матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, ары қарай финал қосымша уақытқа ұласты. Десе де 15 минутық екі таймда да есеп өзгерген жоқ. Кейін командалар жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясына жүгінді. Одан 3:2 есебімен Италия басым түсті. Англия құрамасы сапынан Маркус Рэшфорд, Джейдон Санчо, Букайо Сака пенальтиден мүлт кетті.

Осылайша Италия құрамасы араға 53 жыл салып екінші рет Еуропа чемпионы атанып отыр. Бұған дейін скуадра адзурра 1968 жылы Римдегі финалда Югославияны 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанған еді. 

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу