Футзалдан ел құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футзалдан ел құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне ие болды

14.02.2016
Футзалдан ел құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне ие болды
Сербия астанасында алаң иелерімен күш сынасқан жерлестеріміз 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Спорт әлемінен жеткен сенцациялық жаңалық. Футзалдан ел құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Сербия астанасында алаң иелерімен күш сынасқан жерлестеріміз 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Ойынның бірінші таймы командалардың алма-кезек шабуылымен өрбіген. Чемпионаттың мерген ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов бірінші тайм аяқталар шақта сербтердің қақпасынан саңылау тапты.

Серік Жаманқұлов осы біріншілікте алтыншы доптың авторы атанып, мергендердің тізіміне енді. Ойынға келер болсақ, Дуглас хет-трик жасаса, қақпашы Игита да гол соқты.

Сөйтіп, білікті бапкер Какаудың шәкірттері Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, қола жүлдегер атанды. Әсіресе, олар ширек финалда Еуропа чемпионы Италия құрамасын жеңіп, сенсация жасағаны бүкіл еуропалықтардың өзін қайран қалдырды.

Осы жетістіктен кейін футзалдан ел құрамасы әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға көтерілді. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына дейін ол тізімнің 15-ші орнында болатын.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу