EURO 2020 ойындары адам қиялы бармас сценариймен өтіп жатыр - Есей Жеңісұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EURO 2020 ойындары адам қиялы бармас сценариймен өтіп жатыр - Есей Жеңісұлы

04.07.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады. Президент шілденің соңы мен тамыздың басында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелерімен кездесті.Әлемнің басты спорт бәсекесінде ел намысын қорғау мәртебелі міндет, үлкен абырой, зор жауапкершілік екенін айтты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстаннан Олимпиаданың 16 жеңімпазы, 71 жүлдегері шықты, жүзден астам ірі спорт кешені, оның ішінде,16 халықаралық деңгейдегі нысандар бой көтерген.

Спортшыларымыз 96 лицензия ұтып алған. Түпкілікті тізім ертең айтылады. Құрама Жапонияға шілденің 16-да чартерлік рейспен ұшады.

Осы басқосуда еліміздің құрама командасының Олимпиадаға киетін спорттық киім үлгілерін көрдік.

Футбол! EURO 2020 мәресіне жақындап қалды, делебені қоздыратын кульминациясы алдында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы трансляцияған футбол мерекесі жайлы және «жанкүйерлер түн ұйқысын бөліп тұрып қарайтын не сиқыры бар, осы» деп Ақерке Бектас сюжет дайындады.

Ақерке Бектас, тілші:
Кәрі құрлықтың тартысты бәсекесі аяқталуға жақын. Пандемия кесірінен бір жылға кешіккен біріншілік биыл 11 қалада өтіп жатыр. Турнир тарихында екінші рет топтық этапта 24 команда ойнады. Футболдың басты фавориттері бірінен соң бірі жарыс жолынан шығып кеткелі жеңіске жететін құраманы дөп басып айту да, болжау да қиын қазір.

Жанкүйерлер «неміс машинасына» теңеген Йоахим Лев шәкірттері, Еуропа чемпионы - Португалия, тіпті әлем чемпионы Францияның өзі ширек финалға да жетпей қас-қағым сәтте сүрінді.

Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы:
Адамның қиялы бармас сценарийлермен өтіп жатқан ойындар болды. Франция құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейін өздерінің жұлдызды ұрпақ екенін дәлелдеуге тырысты. Бірақ ол бола қоймады.

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:
Былай қарасаңыз, футболшылардың бәрі «келесі кезеңге өттік. Біз әлем чемпионымыз, Еуропа чемпионатында жеңеміз» деп даңдайсып келген еді. Аспанда қалықтап жүрген жерінен Швейцария құрамасы оларды жерге түсірді.

Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы:
Ойын соңындағы пенальтиде Килиан Мбаппенің қателесуінің өзін үлкен символикалық мәні бар нәрсе деп қабылдауға болады. Өйткені белгілі бір уақытта футболды өрге сүйрейтін таланттар болады. Және олардың басына үлкен қиыншылықтарды беріп қояды. Роберто Баджаның басында бұрын сондай жағдай болған.

Есесіне Швейцария, Украина, Чехия, Дания секілді бұрын ешкім аса елей қоймаған құрамалардың жеңіс жолындағы жігері мықты.

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:
Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің үшінші турында математикалық есептер бойынша ширек финалға шыққан Украина құрама командасы небары үш ғана ұпаймен келесі кезеңге өтіп кетті. 

Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы:

Футболдың кереметтілігі де осында деп ойлаймын. Ешкім күтпеген командалар шығып, бұл ойынның миллиондарды ғана емес, миллиардтардың ойыны екенін дәлелдеп береді.

Қайрат Нұрдәулетов, Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:
Сондықтан бұл жерде орта келген командалардың деңгейі көтеріліп, футболға деген, сол елдерде футболдың дамып келе жатқаны – ерекшелігі деп ойлаймын.

Бір сәттік жеңіс, көз ілеспес жылдамдық пен мүлт кеткен мүмкіндік. 90 минутта адам бойында адреналин мен кортизолды қатар көтеріп, бірде уайымға, бірде шаттыққа бөлейтін футбол расымен бір сиқыр іспетті.

Рабиға Сатыбалды, футбол иллюстраторы:
Матчтан кейінгі жағдай менің көңіл-күйіме тікелей әсер етеді. Мен бір апта күйзеліске түсуім мүмкін. Ешкіммен сөйлесе алмай қалуым мүмкін. Кәдімгі клубыммен бірге өте қиын жағдайға түсесің. Жанкүйерлік бұл іштен келетін өте әдемі сезім деуге болады. Өз клубыңның бүкіл машақатымен бірге жүріп жатасың.

Рабиға Сатыбалды – иллюстратор-дизайнер. Мамандығын меңгеруді ойыншылардың суретін салудан бастаған ол 8 жылдан бері футбол жанкүйері. Рабиға үшін сүйікті командасының жеңісі – қазір отбасымен тойлайтын үлкен мереке.

Рабиға Сатыбалды, футбол иллюстраторы:
Бастамасы әжемнен басталады. Кәдімгі футбол жанкүйерлері жиналған отбасы. Соңғы сезонда Арсенал бір сезон сәтсіздікке ұшырады ғой. Ол уақытта жылау болады. Оның барлығына әкем, анам түсіністікпен қарайды. Үйде жұбату болады. Қанша жыл күтсек те, ең соңғы сәтіндегі жеңіс өте тәтті болады деп ойлаймын.

Рабиғаның 75 жастағы әжесі Сапар Ерботаева да қазір футболды сүйіп көретін жанкүйерге айналған. Еуропа чемпионатын үзбейді. Әжеміз «ақтық бәсекеде Англия ұтады» деп болжам айтты.

Рабиға Сатыбалды, футбол иллюстраторы:
Англия-Германия ойынында өзім ағылшындарға бүйрегім бұрып отырса, байқап қарасам әжем немістерге жақтасады. Не үшін немістерге жақтасып отырсың десем, бұрынғы көршілері неміс болған екен.

Сапар Ерботаева, футбол жанкүйері:
Иә, мен Германияға жақтасып отырғанмын. 2:24 Тамашалап отырып-отырып, ұтылып қалды. Англия ұтып қойды. Сонда да тойладық ғой. Тағы бірде ұтасың ғой деп. (күледі) 3:10 Футболға өте көп күш жұмсалады ғой, балам. Оған екінің бірі келе бермейді. 3:58 90 минут дегенменен ол бір 90 күннің жұмысын істейді.

Елордалық Әлішер мен Ерасыл да футболдың фанаты. Ойынға әуестік 13 жастағы өрендерді алаңға алып келді. Қазір қаладағы футбол клубында бірге жаттығады.

Әлішер Амантай, жас футболшы:
Футболды жақсы көремін өзінің динамикасымен, жылдамдығымен. Футболға бір жыл қатысып жүрмін. Ең жақсы көретін футболисім Марк-Андре тер Штеген. Сол сияқты өзім өскенде вратарь болғым келеді.
Ерасыл Әмірғали, жас футболшы:
Футболға 6 жасымнан бастап қызығып келемін. Футболға барамын деп үйдегілерге айттым. Бірақ үйдегілер аяғың ауырады, травма, 90 минут бойы жүгіресің, деді. Сосын үйде доп теуіп, өзім командалар іздеп, осы клубқа келдім. 0:51 Қазір мамалар менің ойынымды көргеннен кейін 1:05 өздері жібереді «жарысқа неге бармайсың?» деп.

Ерасыл Еуропа чемпионаты секілді жарысқа барғысы келеді. Ол үшін өзгенің емес, өз елінің құрамасы жеңіске жеткенде – қуаныш, абырой. Бірақ Ерасыл мен Әлішер секілді мыңдаған жанкүйердің арманы ақиқатқа айналар күн келе ме?!

Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы:
Әлі де инфрақұрылымымызды дұрыстамай тұрып, қазір легионерлердің күшіне көбірек жүгініп жүріп, керемет Криштиану Роналдудың деңгейінде ойнаймыз десек, бізге мүлде жараспайтын еді. Өкінішке қарай біздің елдегі футбол командасының басшылары дәл осы сәттегі нәтижеге жұмыс істейді. Көп жағдайда жастарды ескермей жатады. Мұндай нәрсе болмауы керек деп ойлаймын. Алдағы 10-15 жылға жұмыс істеуіміз керек. 6:06 Үміт үзбеу керек.
Сапар Ерботаева, футбол жанкүйері:
Тұрақты болу керек. Біреуге жанкүйер болдың ба, сол күйіңге тұруың керек. Жеңілістің өз жеңісі бар деген.

Ал бұл күндері футбол фанаттары жартылай финалға шыққан құрамалардың ойынын асыға күтіп жүр. Енді 6-7 шілде Италия мен Испания, Англия мен Дания финалға жеткізетін жолдаманы сарапқа салады. Ақтық бәсекеге өткен құрамалар 11 шілде Лондонның «Уэмбли» стадионында Еуропа чемпионын анықтайды.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу