Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді

01.07.2021

Ұлттық жобаларға бөлінген миллиардтар талан-таражға түспеуі тиіс! Бүгін Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізген Президент Үкіметке осыны қатаң ескертті. Бұған дейінгі жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар халыққа түсінікті және бір-бірін қайталамауы керек екенін айтқан. Бүгін агенттік төрағасы 23 жобаны талқылап, экономикалық тиімді 10 жобаны қалдырғандарын жеткізді. «Дені сау ұлт», «Жасыл Қазақстан» секілді бағдарламалар арқылы 5 жылда 100 міндет іске аспақ. Халықтың орташа өмір жасын 74-ке жеткізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамытып, білім саласын жетілдіру, жасыл экономикаға көшіп, ауыл шаруашылығын қолдау секілді мақсаттар көп. Ұлттық жобалардың саны азайып, тиімділері қалғанымен әлі талай сүзгіден өтпек. Бірақ жобаларға бөлінген қаржының әр тиыны мақсатты түрде жұмсалуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Ұлттық жобаларды іске асыру үшін бюджеттен 23 триллион теңге бөлу көзделген. Ал жеке инвестициялардың көлемі еке есе көп. Осы тұста мені алаңдататын бір мәселе бар. Ол – жемқорлық. Өйткені осындай ауқымды жобалар қолға алынып, қыруар қаржы бөлінгенде, соған ауыз салып, қалтасына басқысы келетіндер пайда болады. Әсіресе инфрақұрылымды дамыту, құрылыс салаларында жемқорлық көп. Сондықтан Үкіметті және жауапты агенттіктерді қатаң ескерткім келеді. Ұлттық жобалар жемқорлар үшін емес, халыққа пайдасын тигізуі керек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу