Ауылдарда интернет сапасы тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдарда интернет сапасы тексеріліп жатыр

30.06.2021

Елорда етегіндегі Қызылсуат ауылында интернет жоқ. Салдарынан бір жарым жыл онлайн оқыған оқушылардың үлгерімі төмендеп кеткен. Өзгеде мәселелер де жетерлік дейді, тұрғындар. Наразы халық Цифрлық даму министрлігіне шағымданған. Олар бүгін арнайы тексеруге барды. Оңғар Алпысбайұылыны материалы.

Әбілнұр Назарбаев мектебінің оқушысы. Ғаламтордың ғажабын емес азабын көп көрген. Карантинде білім алуды былай тұрсын, мұғалімге қатысып отырғанымды көрсетудің өзі мұң болды дейді ол.

Әбілнұр Жұмағазы, Қызылсуат ауылының тұрғыны:
Интернет төмен болғандықтан осы жерде, оқу барысында көптеген қиындықтар туды. Мен сабақ барысында дұрыс жауап бере алмадым. Жалпы оқу деңгейі, менің оқу деңгейім төмендеп кетті деп айта аламын.

Күллі ауылдың көріп отырған күні осы. Ал, қалаға қатынап нәпақа тауып жүргендер жүріс-тұрыс шектелгенде байланысқа шыға алмай жұмыстарынан да айырылып қала жаздаған.

Гүлнәр Жүкеева, Қызылсуат ауылының тұрғыны:
Интернет істемегендіктен ватсап арқылы, кешкісін жұмыстан кейін 1 сағат 2 сағат ватсаппен сабақ беріп отырдық. Өйткені интернет істеген жоқ қой.
Бахыт Барманқұлов, Қызылсуат ауылының тұрғыны:
Қиындық болып кейбір кездері қалаға барып, қаладағы туыстарымыздың үйінде жатып оқитын кездер де болды. Өйткені сабаққа үлгермейді. Интернет ұстамайды.

Ауылда бүгін интернет адам айтса сенгісіз жылдамдықпен жүйткіп тұр. Тұрғындар не қуанарын, не жұбанарын білмей дал.

Баян Сәденова, Қызылсуат ауылының тұрғыны:
 Интернет бізде шынымен жоқ. Бүгін міне министр келді бәрі де қуанып тұр. О интернет бар. Интернет бар. Неге олай екенін білмейміз.

Бақсақ бақа екен. Министрлік тексеріс болатынын байланыс операторларына алдын ала хабарлапты. Бұл заңның талабы. Яғни, қызмет көрсетуші компания көзбояушылықпен тексерістің алдын алып, жылдамдықты арттырып қойған.

Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің төрағасы:
Аумақтық инспекцияға тапсырма береміз. Олар біраз уақыттан соң қайта тексеріс жүргізеді. Біз тура бүгінгі тексеріске орай жылдамдық күшейтілді ме, жоқ па анықтаймыз. Егер интернет жылдамдығы талаптарға сай келмейтінін анықтасақ байланыс операторларына айыппұл саламыз. Операторлардың бірі күзге дейін қаржы құйып жылдамдықты арттырамыз деп отыр. Бақылауда ұстаймыз.

Айтпақшы, интернеттің сапасыздығы дәлелденсе байланыс операторына салынатын айыппұл 100 айлық есептік көрсеткіш. Бұл 300 мың теңгеге де жетпейді. Алып компаниялар үшін түк емес. Осыны ескеріп қазір министрлік айыппұл көлемін еселеп өсіру туралы ұсыныс әзірленіп жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу