Алматы әуежайында ПТР-тест анықтамалары QR код арқылы тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әуежайында ПТР-тест анықтамалары QR код арқылы тексеріледі

30.06.2021

Алматы әуежайына келушілердің ПТР-тест анықтамасы QR код арқылы қатаң тексеріледі. Себебі, тұрғындар арасында жалған құжат жасайтындар көбейген. Сондықтан, екі авиакомпания халықаралық рейс жолаушыларын қосымша тексеруді ұйғарған. Тек мамыр айында бір ғана Оңтүстік Кореяға барған 400 жолаушының 15-інен вирус анықталған. Алайда, олар Алматыдан жол жүргенде ПТР анықтамалары теріс нәтиже көрсеткен. Енді мұндай жағдайда санитарлық бақылау қызметкерлері шақырылып, шара қолданылмақ. Мамандардың айтуынша, карантин талаптарын бұзғандарға 87 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Айта кетейік, алдағы уақытта Алматы әуежайындағы барлық компания ПТР-тест анықтамасын қосымша тексеруді іске асыруы мүмкін.

Всеволод Ким, әуе тасымалдаушылары комитетінің төрағасы: 
Жалған анықтама жасағандар анықталғаннан кейін Оңтүстік Корея тарапының өтінішімен рейс сыйымдылығын 60 пайыздан асырмау туралы шешім қабылданды. Алайда, бұл қызмет көрсету сапасының төмендеуіне себеп болады. Өйткені, сатылған билеттердің 40 пайызын өзге рейстерге ауыстыруға тура келеді.


Хабарламаларға жазылу