Білім беру саласында, қызмет көрсету және ірі еңбек ұжымдарында жұмыс істейтіндерге екпе салдыру міндеттеледі. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты. 26-маусымнан бері Қазақстан «қызыл» аймақта тұр. Осы жағдайды түзету үшін екпе егу шарасына екпін берудің маңызы зор.
Елімізде соңғы 1 аптада вирус жұқтырғандардың саны 39 пайызға өскен. Қазір ауруханалар 27 пайызға, жан сақтау бөліміндегі орындар 24 пайызға толды. Алексей Цой халықты вакцинациялау жүргізілмегенде жағдай бұдан бетер ушығар еді деп отыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:Вакцинанның тиімділігі бойынша арнайы сараптама жүргіздік. Екпе салдырғандардың саны сәуір-маусым айлары аралығында 1 млн 300 мың адамнан 3 млн екі жүз мың адамға дейін жеткен. Осы уақыт аралығында вирус жұқтырғандардың саны 2 есе азайған. Бұл екпе «Дельта» штаммының пайда болуына қарамастан жағдайды біршама түзеуге мүмкіндік бергенін көрсетеді.
Премьер-министр елде «Дельта» штаммының тіркелгенін ескере отырып, барлық өңірлер дайындықты күшейтуі қажет екенін айтты. Алайда, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн. Сондықтан Асқар Мамин екпе салдыруды міндеттеу қажет деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:Бүгінгі күні 3,3 млн адам бірінші компонентті, екінші компонентті шамамен 2 млн адам салдырды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әкімдер вакцина салу қарқынын күшейту керек. Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау, БҚО қатысты. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакцинацияны енгізу қажеттігі айқын.
Сондай-ақ, қызыл аймаққа енген өңірлерде қосымша шектеу шаралары қабылданады. Әрі, карантин талаптарын бұзғандарды анықтайтын мониторингтік топтардың да жұмысы күшейтілсін деді үкімет басшысы.
Оңғар Алпысбайұлы