Таразда 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын-үй өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын-үй өртенді

31.05.2019

Абырой болғанда адам шығыны жоқ.  Қызыл жалынға оранған үй ішінен - 171 адам қауіпсіз жерге шығарылып,  20 адам құтқарылды. Арасында  балалар да бар.

Біз қазір өрт болып, оқыс оқиға орын алған Тараздағы көпқабатты тұрғын үйдің төбесінде тұрмыз. Өрттің жойқын болғаны соншылық 120 пәтерлі тұрғын үйдің шатырының сау тамтығы қалмаған.  Қызыл жалын 5 қабаттағы пәтерлерге де шарпыған. Абырой болғанда тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылар жедел жетіп, тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді.

Өрт кешкі сағат 19.30-да 5 мөлтек аудандағы  18 үйдің шатырыннан шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде тұрғын үйдің шатыры түгел  өртке оранған.  Абырой болғанда барлық пәтердегі тұрғындарға хабар біріліп, сыртқа шығарылған.

 Нұрбек Таукенов,  куәгер:

 Білмеймін. Келсем үйдің төбесі жанып жатыр. Содан халықтың бәрі далаға шықты. Міне, әлі өшіре алмай жатыр. Өрт сөндіру мәшинесінің біреуінде су жоқ. Қайда барамыз?. Қазір соны уайымдап тұрмын.

Құтқарушылар жедел  жетіп  өртті ауыздықтады.   Оттан  балқыған смола бесінші қабаттағы балкондарға тамшылап, пәтерлер өртке орана жаздады. Өрт сөндірушілердің айтуы бойынша  тілсіз жау бір сағаттан аса уақытта  толығымен сөндірілген. Оған  14 техника, 62  өрт сөндіру қызметінің мамандары жұмылдырылды.

 Талғат Сәбиров, Жамбыл облысы ТЖД басшысының орынбасары:

Өрттің көлемі 1200 шаршы метр  болды. Толық жанып жатты. Біздің бөлімшелер ең бірінші өрт шатырдан пәтерлерге өтпеуін қадағалады. Өзіңіз көріп жатырсыз, пәтерлердің біреуі де жанған жоқ. Пәтерлерді, құдайға шүкір, аман алып қалдық.

Өрт шыққан үйдің тұрғындары жақын маңдағы екі мектепке көшірілді.  Нақтырақ айтсақ 171  адам қауіпсіз жерге  эвакуацияланды.  Оның 42-сі балалар. Өрт басталғанда бесінші қабатты тұратын Нышангүл Жақыпова балаларымен үйде алаңсыз отырған.  Дабылдан далаға атып шыққан үй иелері өрт сөнген соң ғана  құжаттарын алуға келген.

 Нышангүл Жақыпова,  тұрғын

Мына жақтың бәрі су кілемнің бәрі су, осы міне жағдай, ертең мына түсқағаздың бәрі түседі. Мына төсеніш көтеріледі. асты сасиды. Свет өшті де қалды, не болды деп, терезеден қарасам, өрттеніп жатыр. Екі немеремізді алып далаға шығып кеттік. Құжаттар бәрі қалды, зорға дегенде,  түнгі бірде фанарикпен жүріп алып, қайта шығып кеттік.

Тұрғын үйге  су мен жарық кешке дейін  қосылады.  Ал  оқиғаға байланысты   жедел штаб тобы құрылып, тілсіз жаудың шығу себептері анықталуда.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу