Шығыс Қазақстанда шаруа қожалығының иесі қарамағындағы 30 жұмысшының атынан несие алып, төлемей қойған. Қазір қарыз сомасы 145 миллион теңгеге жеткен. Осыдан 8 жыл бұрын Макеевка ауылында, кәсіпкер жұмысшыларынан қолдау сұрап, оған 3 миллион теңгеден несие алып беруді өтінген. Жиналған 90 миллион теңге шаруашылықты дамытуға жұмсалатынын және әр адамға жыл сайын 150 мың теңге беруді және несие қарызын өтеуге уәде еткен. Бірақ кәсіпкер кейін өзін банкрот деп жариялап, қарызды өтемей қойған. Сот орындаушылар несие рәсімдеген адамдардың дүние-мүлкі мен есепшоттарын тегіс бұғаттап тастаған.
Нүрзипа Насимолдина, Макеевка ауылының тұрғыны:Шаруашылықты көркейтеміз, үлкейтеміз деген соң, жұмыс орнынмен қамтамасыз етеміз дегеннен кейін 3 миллион теңгеден несие алыңдар деді. 30 адам алдық. Кісілер жетпейді деді, мен қызымды, келінімді шақырдым.
Құзырлы орган өкілдері осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бірақ тергеу құпиясына байланысты басқа ақпарат беруден бас тартты.