Шығыс Қазақстанда несиелік серіктестік арқылы қаржы алғандар опық жеп қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда несиелік серіктестік арқылы қаржы алғандар опық жеп қалды

09.11.2018

Бүгінде өз ісін бастап, өрісін төрт түлікке толтырмақ болған жүздеген тұрғын сот табалдырығын тоздырып әуре. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көмегімен кәсіпкерлікке ден қоймақ болған жұрттың қазір дүние-мүлкі мен есепшоттары тегіс бұғатталған. Себебі, мойнына міндеттеме алған серіктестіктің кей мүшелері қарызын төлемей қойған. Жергілікті әкімдік болса, бұл тұрғындардың жеке шаруасы деп отыр. Осындай тауқыметке тап болған көкпектіліктермен кездесіп, шағымын тыңдап келген әріптесім Берік Көшербай жалғастырсын.      

Серіктестікке кіріп сергелдеңге түскен көкпектіліктің бірі - Болат Құсайынов. 6 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен 2 миллион теңге несие алған ол қолына тиген ақшаға мал сатып алған. Қарызын уақытылы қайтарғанымен, машақаттан құтылар емес. Себебі, несиелік серіктестік құрамындағы 12 адамның 4-і борышын төлемей кеткен.          

Болат Құсайынов, Көкпекті ауылының тұрғыны:

- Қазір көлігімді пайдалануға тыйым салынған. Ешқайда шыға алмаймын, жүмыс істей алмаймын. Өзім зорға дегенде зейнеткерлікке шыққанда, енді сол зейнетақыма жабысып отыр.

Шарасыз күйге түскен жүздеген тұрғын енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Несиелік серіктестік құжатындағы сор болып жабысқан «ортақ жауапкершілік» деген тұсын жіті түсіндірмеді деп, жергілікті билікке де өкпесі қара қазандай.  

Сандуғаш Құсайынова, Көкпекті ауылының тұрғыны:

- Әкімнің өзі, Жұмыспен қамту орталығының бастығы да кепілгер болды. Барлығы кепілдікке қол қойды, енді олар шықты да, біз қалдық. 12 адам бір-біріңе кепілдік бердіңдер деп, осыған сүйеніп отыр.

Жалпы, өңірде 2011-2016 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама бойынша халыққа барлығы 13 миллиард теңге несие төмен пайызбен берілген. Әрі кетсе 2-3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген тұрғындардың көбі ол қаржыны мал алуға, кішігірім бизнес бастау үшін жұмсаған. Алайда, қазір ол шаруаның бәрін қойып, соттан көз ашпай жүр.

Рәпиза Жұмагелдина, несиелік серіктестік төрайымы:

- Несие аламыз қолымыздағы барымыздан, деп, айырылып қалып отырмыз. Сол себепті, біз барлық жерге «солидарный» дегенді алып тастау туралы жаздық. Сол кезде бізге түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ қой десек, заңда солай жазылған, сондықтан, ортақ жауапкершіліктен құтылмайсыздар деген жауап алдық. Оны тек қана Үкімет тарапынан ғана шешеді дейді.

Әлия Мұқышева, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры:

- Егер де «солидарность» деген сөзді алып тастасақ, адамдар біреу үшін төлемей, «өз қарызымды өзім өтеймін», деп ақшаларын төлейді деп ойлаймын.

Бөгденің қарызы үшін берекесі қашқан жұрт әлденеше рет жиналып, өзекті өртеген мәселені талай рет талқылады. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Ал, жалпы өңірдегі несиелік серіктестіктердің мемлекет алдындағы қарызы 5 миллиард теңгеден асып-жығылады.

 

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу