«Сайрам-Өгем» шатқалында жоғалып кеткен төртінші туристің мәйіті табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сайрам-Өгем» шатқалында жоғалып кеткен төртінші туристің мәйіті табылды

22.06.2021

Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» шатқалында із-түзсіз жоғалып кеткен төртінші туристің мәйіті табылды. Жас жігіттің мүрдесі Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен екі шақырым жоғары жерде су түбінен шыққан. Оны шымкенттік құтқарушылар бүгін күндізгі сағат 11.50 шамасында тапқан. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, іздестіру жұмыстары 8 бағыт бойынша жүргізілген.

Талған Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
Іздестіру жұмыстары 27 тәулік бойы жалғасты. Мүрдені тасымалдау үшін Қазавиақұтқару Акционерлік қоғамының тікұшағы оқиға орнына бара жатыр. Табылған мәйіт сараптама жасау үшін полиция қызметкерлеріне табысталады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Төлеби ауданындағы «Сайрам-Өгем» шатқалына демалуға барған жеті турист белгіленген уақытта қайтып оралмаған болатын. Туыстары дабыл қаққан соң, 25-ші мамырдан бастап оларды іздеу шаралары жүргізілді. Тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 3 турист тікұшақпен құтқарылды. Қалған төрт жігіттің мәйіті өзеннен табылды. Қайтыс болғандардың арасында бір үйдің екі баласы бар. Олардың бірі кәмелет жасына да толмаған мектеп бітіруші болатын.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу