Түркістан тауларында жоғалған туристерді іздеуге Өзбекстан құтқарушылары қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан тауларында жоғалған туристерді іздеуге Өзбекстан құтқарушылары қосылды

31.05.2021

Түркістан облысының Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристі іздестіруге өзбекстандық құтқарушылар да қосылды.

Олар Өгем өзенінің арнасын бойлай Шарбақ су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Жалпы құтқарушылар саяхатшыларды іздеу басталғалы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің 350 шақырым жерін жаяу шарлап шықты. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің екі тікұшағы да аумақты әуеден үздіксіз бақылауда. Олар шамамен 2 мың шақырымнан астам жерге аэровизуальды барлау жасады. Таулы рельефтер мен өзендердің қатты ағысы қиындық туғызуда. Бүгінде іздеу жұмысына альпинизм федерациясының 218 адамы мен 32 техника жұмылдырылған. Жоғалған жасөспірімдерді туыстары да қосыла іздеп жатыр.

Ерік Сарыбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:
Қазіргі таңда іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдай департаменті, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, ұлттық парк қызметкерлері жұмылдырылып, іздеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы төтенше жағдайлар бас басқармасының қызметкерлері де кешеден іздеуге қосылды.

Ал осы топпен бірге Сары айғыр шатқалына дейін барып, қайтар жолда адасып, қайтыс болған екі азаматтың денесін бүгін жер қойнына тапсырды. Олардың бірі Ақтөбе, екіншісі Түркістан облысының тумасы. Құтқарушылар олардың өлі денесін алдыңғы күні Өгем өзені бойынан тауып алған болатын. Мәйіттерге сол күні сот медициналық сарапатамасы жасалып, туыстарына берілді. Қайғылы оқиғаға байланысты Түркістан облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу