Тараздағы көпқабатты үйдегі өрт темекі тұқылынан тұтанған болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы көпқабатты үйдегі өрт темекі тұқылынан тұтанған болуы мүмкін

18.06.2021

Тараздағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт болып, бір адам ажал құшты. Денесін 90 пайызға күйік шалған 72 жастағы зейнеткер ауруханада жатып көз жұмды.

Тілсіз жау тұтанған кезде үйде арбаға таңылған мүгедек әжей мен оның 42 жастағы баласы болыпты. Лезде күш алған жалыннан екеуі де сыртқа шыға алмай, түтінге түншығып қалған. Дереу жеткен құтқарушылар алдымен екеуін, сосын жоғарғы қабаттағы 4 баланы сатымен түсіріп алды. Жеткіншектер зардап шеккен жоқ. Жалпы 25 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Тілсіз жау небәрі жарты сағатта ауыздықталған. Алдын ала болжам бойынша өрт темекі тұқылынан тұтанған. Ал, денесін күйік шалған зейнеткер мен оның баласы бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Кейуананың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ол екі сағаттан соң көз жұмды. Ал ұлы дәрігерлер бақылауында.

Әбілсейіт Сыдықов, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі:
Ол кісінің келіп түскендегі диагнозы денесінің 10 пайызын күйік шалған. Және өрт салдарынан тыныс алу жолдары зақымдалып, ол кісі де түтіннен уланып жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу