Қазақстаннан Калининград облысына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл экономикалық байланысқа жаңаша серпін бермек. Сондай- ақ екі елдің кәсіпкерлері 2023 жылы бірлесіп электромобиль шығаруды көздеп отыр.
Бұрынғы Кенигсберг, қазіргі Калининград Литва, Латвия, Польша сияқты мемлекеттермен шекаралас. Елімізден тікелей әуе рейсі ашылған соң, Калининград Қазақстан үшін Еуропаға баратын авиациялық хабқа айналады. Ұшақ билеті арзандауы мүмкін.
Индира Бегайдар, тілші:
Қазақстан мен Калининград облысының арасындағы сауда айналымы былтыр 47 млн доллардан асқан. Еліміз бұл өңірге ауыл шаруашылығы өнімдерін, тұз, шоколад экспорттайды. Ендігі мақсат бірлескен кәсіпорын санын арттыру.
Тауар айналымы былтыр 70 пайызға өсті. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 21 млн 500 мың долларға жеткен. Дегенмен экономикалық қарым-қатынастың әлеуетін мұнан да арттыруға мүмкіндік жетеді.
Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстанның қай өңірлері Калининград облысымен әріптестікті бекітуге мүдделі? Осыны анықтап алуымыз керек. Біз үшін өз өнімдеріміздің жеткізу құнын арзандатып, кооперациялық байланысты орнату маңызды.
Қазақ кәсіпкерлері мен Калининградтағы көлік құрастыру кәсіпорны бірлескен электромобиль шығаруды жоспарлап отыр. Оның моделі бұрынғылардан өзгеше болады.
Владимир Кривченко, Көлік құрастыру кәсіпорнының аға вице-президенті:
Қазақстанда аккумулятор өндірісі жақсы дамып жатыр. Калининградқа бірнеше маманы келіп кеткен. Бізге қажетті материалдар тек Қазақстанда бар. Сондықтан келіссөздерді жалғастырамыз. 2023 жылы электромобиль шығаруға міндеттіміз.
Еліміздің Ресейдегі консулдары отандастарымыздың мәселелерін тыңдады. Болашақта Калининградта Қазақстанның консулдығын ашу жоспарда бар.
Индира Бегайдар