«Мерейлі отбасы» байқауына 2700-ден астам өтінім қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мерейлі отбасы» байқауына 2700-ден астам өтінім қабылданды

17.06.2021
«Мерейлі отбасы» байқауына 2700-ден астам өтінім қабылданды

Еліміздің өңірлерінде «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау аяқталды, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. Берілген өтінімдер саны отбасылық құндылықтарды насихаттау қазақстандықтар арасында өте танымал және сұранысқа ие екенін көрсетті.

Биыл жаңа ережелер аясында «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу өтінімдерін тек отбасылардың өздері ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдары, еңбек ұжымдары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, ҮЕҰ және басқа да заңды тұлғалар бергенін атап өту керек.

Енгізілген өзгерістердің арқасында өңірлік комиссияларға барлығы 2768 өтінім, оның ішінде отбасылардан – 1692, заңды тұлғалардан - 1076 келіп түсті.

Өтінімдердің ең көп саны - Алматы (454), Шығыс Қазақстан (232) және Қарағанды (223) облыстарында.

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының лауреаты атағы қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 17 үздік отбасыға берілетін болады. Мәселен, бұрын республикалық деңгейде бір ғана отбасы жеңіске жеткен. Ағымдағы жылдан бастап өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған барлық 17 отбасыға конкурс лауреаты атағы беріліп, тең марапаттар берілетін болады.

Бұдан басқа, биылдан бастап конкурсқа қатысуға өтінім беру, конкурс нәтижелері бойынша марапаттау, конкурс қорытындыларын анықтау жөніндегі комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері ғана емес, сонымен қатар байқаудың бұрынғы жеңімпаздары да кірді; жеңімпаздарды анықтау мен бағалаудың жаңа балдық жүйесі бойынша шарттық өзгерістер енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық байқауды Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2013 жылдың желтоқсанында бекіткен болатын. Осы уақыт ішінде «Мерейлі отбасыға» 15 мыңнан астам отбасы қатысты.

Хабарламаларға жазылу