EURO 2020: F тобындағы тартыс қыза түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EURO 2020: F тобындағы тартыс қыза түсті

16.06.2021

Финалдық сатыдағы топтық кезеңде кеше екі бірдей гол соққан Криштиану Роналду Португалияға тағы жеңіс сыйлады. F тобындағы екі құраманың ойынында 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия 3:0 есебімен Венгриядан басым түсті. Бұған дейін 16 рет кездескен әлемдегі үздік құрамалар Франция мен Германия матчы да тартысқа толы болды. Жанкүйерлер асыға күткен ойында Франция Германиядан 1:0 есебімен басым түсті. Чемпионаттың бесінші күнінен Шамкен Байырбек толығырақ. 

F тобындағы алғашқы ойында Венгрия Будапеште Португалиядан 0:3 есебімен жеңілді. Тартысты кездесудегі есепті қорғаушы Рафаэл Геррейро ашты.

Арада 5 минут өткенде бесінші еуро бәсекеге қатысып жатқан тұңғыш футболшы Криштиану Роналду пенальтиден мүлт кетпеді. Сондай-ақ соңғы минутта Криштиану Роналду дубль жасап, ойынның нүктесін қойды әрі Еуропа чемпионы тарихындағы үздік сұрмерген атанды. Португалиялық сұрмерген 11 голмен француз Мишель Платиниді басып озды.

Ал F тобындағы Германия мен Франция арасындағы ойынның тағдырын жалғыз гол шешті. 20-минутта Лукас Эрнандестің пасынан кейін Матс Хуммелс сәтсіз қимылдап өз қақпасын дәл көздеді.

Бұдан бөлек тартысты өткен 2-таймда Франция құрамасы 2 гол соққанымен офсайдқа байланысты есепке алынбады.Бұл Германияның Еуропа чемпионатының тұсаукесер ойындағы алғашқы жеңілісі. Бұған дейін олар 12 кездесудің 7-еуінде жеңіп, 5 рет тең түсіпті.

Қала берді Бундестим өз тарихында алғаш рет екі ірі доп додасының бірінші ойынында ұпайсыз қалды. 2018 жылғы мундиальда Лёв шәкірттері алғашқы кездесуде Мексика құрамасына жол берген еді.

 Шамкен Байырбек

Хабарламаларға жазылу