ҚХР коммунистік партиясына 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХР коммунистік партиясына 100 жыл

14.06.2021

Қытай Халық Республикасы Коммунистік партиясының 100 жылдығына орай «Қытайдың тарихи таңғажайыбы» тақырыбында Халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында партияның бір ғасырда атқарған еңбегі, өзге елдермен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасы, саяси-экономикалық байланысы талқыланды.

Қытайдың Коммунистік партиясы өз жұмысын осыдан 100 жыл бұрын 50 адаммен бастаған. Бүгінде құрамында 92 млн мүшесі бар әлемдегі ең ірі партияның біріне айналып отыр. Басты бағыты -марксизм идеологиясын насихаттап, осы тұрғыда жұмыс атқару. Бұл жобаны заманға сай бағыттап, дамытып, өміршең еткен Си Цзиньпин идеясы.

Чжан Сяо, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Дұрыс идеяның арқасында біз коронавирусты жеңдік. Еліміздегі 100 млн адамның тұрмыстық жағдайын жақсартып, кедейлік атаулыны жойдық. Терроризм мен экстремизмге нүкте қойдық. Тек қана халық игілігі үшін жұмыс істеу керек екенін біздің партия мүшелері жақсы біледі.

Сондай-ақ, Қытай елшісі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және қазақ-қытай дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады. Қытайдың Коммунистік партиясы мен «Нұр Отан» партиясы кадр дайындау, басқаруды реттеу жұмыстарында әрдайым тәжірибе алмасып тұратын саяси серіктестер екенін атап өтті.

Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы:
Қытайда 3 жыл жұмыс істеген уақытта мемлекет стратегиясының ұтымдылығына көзім жеткен. Азаматтық және дүниежүзілік соғысты бастан өткергеніне қарамастан, Қытай Халық Республикасын құрып, ең мықты державаның біріне айналды.

Қытай «Бір белдеу-бір жол» бастамасын 120 мемлекетпен серіктестік құрып, 8 жылдан бері іске асырып келеді. Осы уақыт аралығында жоба әр мемлекет үшін пайдалы болды.

Сондықтан осы серіктес елдердің қатарында болғанымызды мақтан тұтамыз деді Болат Нұрғалиев.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу