Алматы облысындағы Тарғап су қоймасы тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Тарғап су қоймасы тартылып барады

14.06.2021

лматы облысына қарасты Тарғап елді мекенінің халқын апатты жағдайдағы су қоймасы мен қуаңшылық әбден әбігерге салып отыр. Жыл өткен сайын бұлақтың саны азайып, өзен суы тартыла бастаған. Он шақты жыл бұрын жарылып кеткен апатты бөгет те тұрғындардың бас ауруына айналған. 

Қуан Нұрақын, тілші:
Осыдан он шақты жыл бұрын дәл осы тұста, яғни қойманың ортасына дейін толып тұрған екен. Соңғы төрт-бес жылда құятын өзеннің көлемі күрт азайып, жаға 15-20 метр жерге дейін алыстап кеткен.

Тарғап ауылының тумасы Алмабек Қаманұлы 2012 жылдан бастап құрғақшылық сезіле бастағанын айтады. Бұрын өзен арнасынан атпен өту мүмкін емес болатын дейді. Жыл өткен сайын тартылып, кесірінен бөгетке су жиналмайтын болған.

Алмабек Дүрекеев, Тарғап ауылының тұрғыны:
 Биылғы жылға бізде жаңбыр болған жоқ. Бір-екі рет қана жауды. Одан кейін құрғақшылық. Құрғақшылықтың кесірінен ауылда қырқамыз қурап тұр. Малдың бәрін жайлауға шығарып жатырмыз. Кім біледі күзге дейін жаумаса, жағдайымыз қиын болады.

Тарғап ауылының маңына екі мың гектар күздік бидай мен мың гектарға арпа егілген. Құрғақшылықтың кесірінен барлығы дерлік сарғайып, қурап барады. Тіпті, шауып алуға жанармайдың құнын ақтамайды дейді тұрғындар.

Болатхан Ноғайбаев, Тарғап ауылының тұрғыны:
Су жиналмайды. Қар аз болды.  Ауа райының өзі өзгеріп тұр.

Суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуі тиіс қойманың өзі апатты жағдайда тұр. 2010 жылы бөгет жарылған соң, 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Алайда сапасы сын көтермейді.

Алмабек Дүрекеев, Тарғап ауылының тұрғыны:
Осы платинаны бір қалпына келтіріп күрделі жөндеу жасап, шаруашылықтарға көмек көрсетсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді. Бәріміз жерімізге сеуіп, алатын егенімізді алатын едік. Жоңышқамызды сеуіп осы ауылымыздың жағдайын жасар едік.

Әкімдік өкілі төрт түлікті қыстық жемін дайындау үшін Балқаш ауданынан бес мың гектар шабындық жер жалға алғанын алға тартты. Ал су қоймасының құжаттары дайындалып, сараптамада жатыр дейді.

Ержан Құсайынов, Самсы ауылдық округінің әкімі:
Қайтадан осадка беріп, қайтадан жарамсыз болып қалды. Қазіргі уақытта ол жерге су жинауға келмейді. Сметалық құжат жасалып 2020 жылы, үкіметтің сараптамасынан өтуде. Біткеннен кейін қайтадан жөндеу жұмыстары басталады.

Жергілікті тұрғындар бұл мәселені тездетіп қолға алмаса болмайды дейді. Аяқ астынан ішіне су лық толса, бөгет бір күн шыдас бермейді. Сапасыз су қоймасы мен қуаңшылықтың зардабын тартқан жұрт енді тасаттық беруге қамданып жатыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу