Алматы облысында айналма жолмен Алакөлге жету мұңға айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында айналма жолмен Алакөлге жету мұңға айналған

10.06.2021

Талдықорған-Үшарал тас жолының құрылысы биыл да аяқталмайды. Салдарынан Алакөлде демалам деген жұрт жете алмай әлек. Такси құны екі есеге қымбаттап кеткен. Мердігерлер Үкімет басшысына да, облыс әкіміне де жолдың бір бөлігін былтыр аяқтап, туризм маусымына дейін қозғалысты реттейміз деп уәде берген еді. Бірақ, тас жолдың кейбір аумақтарында жұмыс әлі басталмады да.

Талдықорған-Үшарал тас жолының ең күрделі учаскесі Көлбай мен Қабанбай ауылының арасы. Көлік жүргізушілерін әбігерге салатын өте бір қауіпті аймақ. Жансүгіров елді-мекені мен Сарқан қаласы арасындағы жолдың да сиқы осы. Дәл осы жердегі айналма жолдардың ой-шұқырынан көліктер жиі бұзылады.

Ежен Ермекеев, көлік жүргізуші:
30 км ғой. Қабанбай мен Көлбайдың ортасы. Өте нашар, шұңқырлар көп. Жол нашар болғаннан кейін машина бұзылады. Бір жағынан бензині бар.

Екі араға қатынас қиындағаннан кейін Үшаралдың такси жүргізушілері де Талдықорғанға дейінгі бағаны шарықтатып жіберді. Құрылыс басталмай тұрып, 2-3 мың теңгеге апаратын болса, қазір мұндай бағаға көлік таппайсыз.

Қайрат Қоқаев, Үшарал қаласының тұрғыны:
Бағаны 5-6 мың теңге деп отырғанымыз сол. Сайман қымбат, дөңгелек қымбат. Автобөлшектің бәрі қымбат. Сондықтан жол дұрыс болса баға 2,5-3 мың теңге болар еді.

Жұмыстың мезгілінен кешеуілдеуіне бірнеше себеп бар дейді мердігерлер. Біріншісі ол әрине пандемия. Карантиндік шектеулер жұмысшыларға біраз қолбайлау болған. Сондай-ақ Қабанбай мен Көлбай арасындағы аумақты орман шаруашылығы қорынан рәсімдеп шығаруға да біраз уақыт кеткен.

Дәл туристік маусым басталғанда Үшарал әуежайының ұшу-қону алаңы да жөндеуге жабылған. Сондықтан Алакөлге жол азабын тартып келетін ағайынға ақшадан өзге темірдей жүйке керек дейді мұндағылар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу