Маңғыстауда төрт түлікті жем-шөппен қамту жолдары шешіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда төрт түлікті жем-шөппен қамту жолдары шешіліп жатыр

10.06.2021

Маңғыстау өңірінде төрт түлікті аман алып қалуға бар күш жұмылдырылып жатыр. Мәселе үкіметтік деңгейде көтеріліп, жем-шөппен қамту жолдары қарастырылуда. Бұдан бөлек жылда осы уақытта газ тапшылығы жұртты мезі ететін. Биыл жағдай тұрақты. Өңірде ауыз су, жұмыспен қамту, туризмді дамыту мәселелері де оңтайлы шешіліп жатыр. 

Өңір халқы теңіздің суын тұшытып тұтынады. Қазір өндіріс қуатын тәулігіне қосымша 40 мың текше метрге жеткізу жоспарланған. Үш бірдей жоба аясында Ақжігіт, Басқұдық және Бекі елдімекендеріне су кіргізілмек. Әлеуметтің әлі мен инвестицияның хәліне қарай әкімдер жұмысы бағаланады. Осы ретте өңір қаржы тартуда алдыңғы орында. 270 млрд теңгеге жуық қаржыға 20 инвест жоба мақұлданды. Нәтижесінде 2600 адам жұмыспен қамтылмақ. Маңғыстау – туризм үшін де тартымды түбек. Ақтауда жағажай, аудандарда этнотуризм даму үстінде.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:
Биылға жоспарымыз жоғарыда айтып кеткенімдей, туристер санын 200 мыңға жеткізіп, 5 жобаны іске асыру. Бұл жобаларға 180 млрд теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 1600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын іске асыруда.

Маңғыстау су жолы бойынша көліктік логистикалық хабқа айналды. Тас жолын салудан да үздіктер сапында. Бүгінде 245 шақырымдық облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асып жатыр. Әуе жолы да жүйелі даму үстінде. Биыл «Ақтау-Үргеніш», «Ақтау-Горган», «Ақтау – Рас Эль Хайм» және «Ақтау-Нүкіс» халықаралық бағыттары ашылды.

Маңғыстау соңғы жылдары майлы қиян болмай тұр. Қыста қар, көктемде жауын жаумай жер құрғап барады. Салдарынан мал жұтап, тұрған жерінде жығылып жатыр. Мыңнан аса түлік өлген, оның жартысынан көбі жылқы. Сондықтан арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазір 1700 тоннадай арзан арпа жеткізу бойынша келіссөз жүріп жатыр. Жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден аса қаржы бөлінді.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу