Оралда қатты нөсер жауып, қаланың тең жартысы жарықсыз қалды. Су стансаларында апат болып, су беру таңға дейін тоқтады. 12 сағат толассыз жауған жаңбыр жұртты әбден әбігерге салды. Көше суға толып, көліктер қайықша жүзді.
Толассыз жауған жаңбырдан бірнеше сағаттың ішінде айнала көлкіп кетті. Ағын су бойлай ағатын 137 шақырымға созылған арық түгел суға толып, көлік қозғалысы қиындады.
Ондаған жер үй мен 40-тан астам ауланы су басты. Жаниха Сәресова да таң атқаннан сумен алысып жүр. Көше жолында арық жүйесі, суағар салынбаған. Салдарынан еңістегі жер үй тұрғындары зардап шекті.
Жаниха Сәресова, Орал қаласының тұрғыны:
Түнгі 12 жарым шамасында үйіміз жаңбырдың суынан суға кетті. Өзім жұмысқа кетіп қалдым, суткада болдым. Таңертең жұмыстан келсем, үй деген судан толып тұр. Үйіме кіре алмай екі сағат бойы сыртта жүрдім.
Қатты нөсерден электр желілерінде апат болып, 9 мыңға жуық абонент, мыңнан астам мекеме жарықсыз қалды. Электр қуаты болмағандықтан, 11 кәріздік су сору стансасы істен шықты. Ауызсу тек таңертең берілді.
Сергей Доля, қалалық электр желілері басшысы:
Жарық өшуінің басты себебі - нөсер жауыннан. Салдарынан электр сымдары тұйықталды, кей жерде үзілді. Әрине, электр желілерінің әбден тозып тұрғаны да әсер етті. Жасырмайын, бүгін бәрін қосып үлгере алмаймыз.
Синоптиктердің айтуынша, 12 сағатта бір жарым айда жауатын жаңбыр мөлшері түскен. Түні бойы, 6 сағатта 500 текше метр су сорылған. Бұл көктемде бір аптада сорылатын судың мөлшеріне тең. Су басқан үйлердің иелеріне өтемақы төленуі мүмкін.
Мирас Мүлкәй, қала әкімінің орынбасары:
Үйлеріне су кіріп кеткен тұрғындар 109 желісіне 35 өтініш келіп түсті. Қазір қалалық төтенше жағдай басқармасымен бірге біз әр үйге кіріп, нақты тексеріс жасауымыз керек. Тексеріс жасалған соң, акт жасалады. Сол актімен бізге жолығуға болады.
Кей аудандарда әлі жарық жоқ. Ең әуелі мектеп, балабақша, аурухана, сынды әлеуметтік нысандарға жарық беріледі. Жалпы өңірде электр желілерінің 80 пайызы әбден тозған.
Ардак Мұратқызы