Қызылорда облысы Арал ауданында 500-дей ірі мал қуаңшылықтан қырылды. Әсіресе, өлкенің Сыр беткейдегі сегіз ауылдық округте жағдай өте қиын.
Биыл қыста қар, көктемде жауын-шашын болмауынан, жерге көк шықпаған. Тұзы шығып, сорға айналған далада мал азық таппай, арам өлуде. Оның үстіне, Сырдария өзені тартылып, Ақшатау мен Қамбаш көлдер жүйесі кеуіп кетудің алдында тұр. Әзірге, мамандар жүргізген есеп бойынша, 159 бас сиыр, 321 жылқы, бір түйе шығын болған. Қуаңшылық шаруаларды тығырыққа тіреп отыр. Алайда, малшыларға мемлекеттен өтемақы төленбейді. Алдағы күндері, ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Жергілікті билік бірінші кезекте, жем-шөппен қамту мәселесін шешуге кірісті.
Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
Бірінші есеп бойынша 7 мың 520 тонна шөп қажет етіп отырмыз. Аудандағы мал басына есептегенде. Және де көршілес Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Сырдария, Жалағаш Қармақшы аудандарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Осы орайда Үкімет жанынан құрылған комиссияның шешімімен қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету шаралары қолға алынуда. Нақты айтқанда Маңғыстау облысына Ақтөбе мен Батыс Қазақстаннан жем-шөп жеткізілмек. Ал, Ақтөбе облысына былтырғы қордан 10 мың тонна жоңышқа жөнелтіледі.
Әділбек Серікұлы