Ұлытаулық шебер ұлар құстың дауысын салатын сазсырнайды жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытаулық шебер ұлар құстың дауысын салатын сазсырнайды жасаған

01.06.2021

Көнеден келе жатқан музыкалық аспаптарды қайта жаңғыртқан шебер. Ұлытаудың тумасы, кәсіби музыкант Азамат Бақияның қолында бүгінде 1200-ге тарта ұлттық аспап бар. Оның біразын әлемнің әр қиырынан жинаса, көбін өз қолымен жасаған. Ұлытауда жойылып кеткен ұлар құстың дауысын салатын сазсырнайды да жасап шыққан осы талапты жас.

Тұтас қабырғада самсап тұрған сыбызғылардың әрқайсының өз тарихы бар. Азамат оларды сонау Башқұрт, Татар, Моңғол елдерінен әкелген. Сондай-ақ Кәлек Құмақайұлы, Еңбек Абдоллаұлы секілді әйгілі сыбызғышылардың аспаптарын да осы жерден көруге болады.

Ал мына сазсырнайды Азамат өзі жасап шыққан. Жоғалып кеткен киелі құстың үнін айнытпай салады. Бір ғажабы шебер бұл аспапты әбден иі қанған сазбалшықтан ғана жасайды. Басқа шикізатты пайдаланса құстың тамылжыған дауысы шықпайды. Шебер оны арнайы Ұлытаудан барып алады.

Азамат Бақия, шебер:
Құстың дауысын тауда қайта жаңғырту үшін, естірту үшін осындай аспап жасап, сол аспаптың 10 түрін жасырып тауға іліп кеткен болатынмын. Тауып алған кісілер өзіне ермек қылып, естелік қылып алып қалып, әрбір жерден дауысын ойнап жатса ұлардың үні өшпес еді.

Бүгінде Азаматтың жеке қорында 1200 музыка аспабы бар. Тек сазсырнайдың өзі 700-ден асады. Оның көпшілігін өз қолымен жасаған. Әр аспаптың үні әрқилы.

Азамат Бақия, шебер:
Жай ғана шеберхана емес, зертханалық шеберхана. Яғни, қазақтың барлық аспаптарын қайта жаңғырту деген мақсат қойып, сол жолда жұмыс істеп келе жатырмын. Бұл енді сақтап қалу және оны әрі қарай дәріптеу мақсатынды жиналған дүние.

Азаматтың атасы да, әкесі де ұста, шебер болған. Бұл өнер сол үлкендерден дарыған. Жастайынан музыка мектебінде, колледжде дәріс алып, кейін консерваторияны тәмамдайды. Жары Айжанмен де сол жерде танысқан.

 Айжан Құрақ, жұбайы:
Былай жасасақ қалай болады, былай істесең қалай болады деген сияқты ақылдасып та тұрамыз. Кейде өз ойымды айтып жатамын. Былай жақсырақ болады, мүмкін былай жасармыз деп, осындай байланыс.

Түркі тілдес мемлекеттер арасында ең көп ұлттық музыка аспап қазақтарда екен,-дейді шебер. Бізде шамамен 90-нан астам түрі бар.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу