Ертең, 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ішінде бұрын құпия болған құжаттар тіркелген, үлкен жиынтық жарық көрді. «Ашаршылық. Деректі хроника» деп аталатын 3 томдық еңбек 1928-1934 жылдарды қамтиды. Бірден айтайық, аштық туралы да осы күні айтып бастадық. Себебі басқа күн белгіленбеген. Әрі аштық та саяси жүйенің кесірінен болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тағы Мэриленд университетінің профессоры Сара Кэмерон «Аштық жайлаған дала: Ашаршылық, Зорлық және кеңестік Қазақстанды орнату» атты монографиясында «1930-1933 жылдары кеңестік Қазақстанда адам айтқысыз қасіретті кезең болғанын, ресми деректер бойынша республика тұрғындарының төрттен біріне тең келетін 1,5 миллон адам қаза тауып, олардың көбі қазақтар болғанын» жазады. The Diplomat журналына 2019 жылы берген сұхбатында Сара Кэмерон:
... Менің қолымдағы көшпенді халықтар туралы жазбаша еңбектердің көбінде көшпенділердің «артта қалғаны» туралы түсінік басым. Яғни, біз бұл халықтарды «цивилизацияға» бейімдеу үшін осындай қатал шаралар қажет болды деп ойлап келдік. Соның кесірінен саны аз халыққа жасалған қастандық туралы білмейміз. Бұл оқиға батыста түсінікті болу үшін Америка Құрама Штаттарының негізгі халқына жасалған қастандықтың масштабын мойындатуға бағытталған күресті еске алсақ жеткілікті.
Саяси жүйенің кесірінен болған саяси репрессиялар мен аштыққа байланысты – толық зерттемедік, толық ақтамадық дер едік. Азамат Алдоңғардың материалы.
«Халық жауы» деп жазықсыз айыпталып, қуғын-сүргінге ұшыраған аталарым ақталса екен деп жүргенде Рысжан Қабдолланованың өзі әже болды. Немерелерім саяси репрессияның не екенін білмейді, білмей-ақ қойсыншы, бірақ халқымыздың басынан не өткенін айту - парызым деп есептейді. Қолындағы сарғайған архив құжаттарының көшірмесінде бір атадан тараған ағайынды Бөлегеновтердің тырнақша ішінде қандай қылмыс жасағаны, қандай ұстанымда болғаны ашық жазылса да күні бүгінге дейін ақталмаған.
Рысжан Қабдолланова, Семей қаласының тұрғыны:Ағылшындардың шығарған алтынын шекараға дейін түйемен тасып берген ол кісілер. Алтынменен шұғылданған Бөлегенов Нығман деген кісі. Қинап, ататындарын атып, түрмеге салғандарын түрмеге салып одан кейін Сібірге дейін айдатқан.
«Халық жауы» деп жер аударылған арғы атасы туралы Серікқали Кәрімұлының қолында газет заметкасы ғана бар. Отағасы сотталғасын отбасы бас сауғалап қашып, аштықпен азапталып ажал құшады. Соңында тұяқ қалуын құдайдың құдыреті дегеннен басқа сөз жоқ. Бірнеше күн түтіні шықпаған үйдің есігін ашқан көршілері өмір мен өлім арпалысының куәгері болады.
Серікқали Кәрімұлы, Семей қаласының тұрғыны:Есікті ашса менің әжем Дәметкен апам жан тапсырған екен дейді. Бірақ жан тапсырғанын білмей екі немересі екі омырауын сорып жатады. Осы Дәметкен апамның, үлкен шешем Нұрлыханның, Тамаша апайымның әкемнің қарындасы, осылар енді іздеусіз кетпесін, осылар ақталса екен.
Аталарымыз бен апаларымыз ақталса екен деп армандайтын қаншама ұрпақ бар. Айтулы күн қарсаңында Ақмола облысы Қорғалжын ауылының әкімдігі саяси репрессия құрбандарын еске алды. Саяси зобалаңның кесірінен шейіт болып кеткендердің тізімін қазір аршып алмасақ ертең кеш болады. Буын ауысып бізден кейін іздейтін ұрпақ қалмауы мүмкін дейді келесі кейіпкеріміз.
Бөлеген Тыныбеков, Сабынды ауылының тұрғыны:Өткеніңді білмей өмір сүру өмірің текке өткенмен бірдей, бұрынғылар айтқан екен. Тарихты ақтау деген парызымыз балам, нелер парызымыз. Осында Болғынбаев, алты алаштың баласымен бірге болған. Соларды әлі күнге дейін құр айтады, айтылған сөз жерде қалады.
Тарихты түгендеуге кедергі болған себептер аз емес еді. Соның бірі архив деректерінің құпия сақталуы. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы шаң басқан құжаттардың бір парасы үш томдық кітап болып басылды. Онда репрессияға қатысты екіүшты сұрақтың бірі – адам шығыны туралы нақты жауап бар дейді ғалымдар.
Талас Омарбек, тарихшы:1930-33 дейінгі аралықта халық санының 3 млн 379мың адамға кемігенін көресетеді. Бірақ та бұл хатта санақ басқармасының бастығы Мұхтар Саматов әрине шындықты айтады. Саматовтың хатын мен 1937 жылғы бүкілодақтық санақтың материалдарының ішінен таптым. Ол санаққа Сталин тыйым салған. Санаққа қатысқан азаматтардың барлығы атылған, оның ішінде Саматовтың өзі де бар.
Мың тиражбен басылған, құпиялылық грифі шешілген құжаттардың арасынан әркім өзіне қызықты тың, құнды мәліметтерді табуы мүмкін.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:Абайдың ұлы Тұрағұл жазады: мен қазір орта шаруадағы адаммын. Мына бұйрық бойынша 350 малы бар адам ғана ілігуі керек. Ал менің бар-жоғы 16-ақ малым бар. Мен тіпті орта шаруаға да жатпаймын – деген жанайқайлары.
Үштомдық кітап үлкен ізденістің бастауы ғана дейді авторлар. Ендігі жұмыс қолға тиген деректерді салқындылықпен сараптап, обьективті баға беру дейді мамандар. Демек зерттеушілердің одан әрі тарқатуына таптырмас еңбек.
Мұхаммед Жылгелдинов, ҚР Президентінің архиві директорының көмекшісі:Академик Тарле айтқан: құжатсыз тарих жоқ дейді, ал тарихсыз мемлекет те, ұлт та болмайды дейді. Яғни кез келген тарихты құжатқа, дерекке, фактілерге негізделе отырып сол саланың мамандары жазуы керек. Архивтік тарихи құжаттар негізінде бұл оқиғалардың қалай орын алғанын, олардың болашақта қайталанбауы үшін қандай қадамдар жасалуы керек соларды құжаттар негізінде, тарихи фактілер негізінде қазіргі ұрпаққа дұрыс ақпарат бере білуіміз керек. Өйткені қазіргі уақытта тарихшы көп. Дипломсыз, кез келген маман қазір кез келген тақырыпта пікір айтуға дайын тұрады.
Саяси қуғын-сүргіннің де, аштықтың да құрбандарын түгендеу, түгендегенде сол заманның саясатын ғана емес, болмыс пен моральдық келбетін тану және ең маңыздысы – мұндай зобалаңдардың себептері көптеген фактордың қосындысы екенін ұғу – 31 мамырға теліп қоятын шаруа емес. Өйтсек, пайымның өсуіне ондаған жыл да жетпейін деп тұр.