Бейнеу ауданында 70-тен аса кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейнеу ауданында 70-тен аса кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін

30.05.2021

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында тұратын Орынша Қалауова есімді кәсіпкер: Сізге жер тиісті емес, оны аукционмен алмағансыз, бұл жемқорлыққа жатады деп отыр. Ал ол жерді мен кезінде арба сүйреп жүріп тапқан табысымнан жалға алғам, дейді. Орынша деген кім, қандай жер? -деп қалмаңыз.

Бейнеу ауданында жетпістен аса кәсіпкерге кезінде алған жер телімдеріңіз заңсыз берілген, қайтарыңыз деген хабарлама түскен. Ал олар балабақша, азық-түлік дүкені, тіс емханасы, дәмхана сияқты халыққа қызмет көрсету мекемелерін ашып, кәсіппен айналысып отырған адамдар. Әрине, несие алған.

Өңірде осыдан 2 жыл бұрын да тап осындай жағдай болды. Түпқараған және Мұнайлы ауданында 200-ден астам кәсіпкер кәсібін тоқтатып, құзырлы органдарды жағалап, жерін алып қалуға барын салған. Қайтарып алғандары да бар. Бірақ, амал жоқ өз жерін аукцион арқылы қайта сатып алып, бәрін қайтадан рәсімдегендер болды. Пұлы, ол бар. Сонда бұл кәсіпкерлерге жасалған қиянат емей немене?

Пандемияның салдарынан онсыз да шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің историясы жиі айтатын мына сөзді тағы еске түсіреді - Ешкімнен ешнәрсе сұрап отырған жоқпын. Оны айтасыз, қомақты салық төлеймін, бірнеше адамға жалақы беремін. Неге түртпейді? Аяжан Оралбайқызының репортажы.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Көлік жуу, жөндеу, автобөлшектер дүкені, асхана, қонақүй бұлар 4 кәсіпкердің жеке нысандары. Әрқайсысында 8-9 адам еңбек етеді. Бірақ, жуырда нысандар сүріліп, жұмысшылар далада қалуы мүмкін. Себебі, жергілікті билік осыдан 5-6 жыл бұрын берілген жер телімдерін мемлекетке кері қайтаруды талап етуде. Аудан орталығында осындай 70-тей нысан бар. 

Кәсіпкерлер жер телімдерін 2014 жылы жалға алған. 3 жылда қызмет көрсету бағытында кәсіптерін ашып, кейін жерді меншіктеріне өткізді. Құжаттары түп-түгел. Бизнесті дамыту үшін, көбі несие алды. Мәселен, Әнуар Сынабаев дәмхана ашу үшін 20 млн теңге қаражат жұмсады. Қарамағында қазір 10 адам жұмыс істейді.

Әнуар Сынабаев,   кәсіпкер:
Біздің Бейнеуде өндіріс жоқ. 70 пайызы Бейнеуде кәсіпкерлер экономиканы көтеріп отырған. Кәсіпкерлердің бәрінің жұмысын тоқтату, экономикалық аумақты дамыту саясаты деген болады ғой соны құлдырату болып саналатын сияқты бұл енді. 

 72 кәсіпкердің мәселесі бір. Заңды жерлерінен, кәсібінен айрылғысы келмейді. Пандемияның салдарынан онсыз да шығынға ұшыраған олар, қатты қиналып отыр.

 Орынша Қалауова,  кәсіпкер:
Сізге жер орын тиісті емес, сіз аукционмен алмағансыз, бұл жемқорлыққа жатады деген мағынада келіп тұр. Жер орынды 10-12 оны алғанда да оның үстінде менің қарайған еңбегім тұр. Оған мен кезінде арба сүйреп, инвестиция құйып отырдым. Қазір бала-шағамды сонымен бағып отырмын. 

Кәсіпкерлердің жері кезінде комиссияның шешімімен берілге н. Бірақ, биыл облыстық жерді бақылау басқармасы оны заңсыз деп тапты.

Жалғас Теміров,  Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары:
Ол кездегі өзгеріс заңдарын қандай бапқа сүйеніп бергенін білмейміз. Сот шешімі береді оны заңды заңсыз екенін. Біздер соны күтіп отырмыз. Содан кейін туындаған мәселелермен шаралар алатын боламыз. 

Сот 7 кәсіпкердің жерін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Алайда бизнес өкілдері мұнымен келіспейді.

Тәрбия Құдайбергенова,  кәсіпкер:
Соттың шешімі шықты енді не істейсіз? Шықты иә енді не істейтінімізді білмейміз. Жергілікті әкімдікке барып жолығасыз, әрі қарай солар аукционға салады шешіледі деді. Аукционға салғанда да мен мына бүкіл документті қайта істеуім керек қой, ол қарайған ақшамен шыққан документ. 
Абай Есімов,  кәсіпкер:
Қателік жіберген кезінде берген адамдар билік басында жүрген. Енді қазіргі күнде сол үшін қарапайым халық зардабын шешіп отыр. Сол үшін біз сұраймыз: жерімізді өзімізде қалдырып, кәсіпкерлік нысандарымызды ары қарай жұмыс жалғастыруға. 

 Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұртуған Тұржановтың пайымдауынша, бұл мемлекеттің қатесі. Жерді жария түрде яғни, аукцион арқылы сату 2015 жылы шықты. Бірақ, оның толық механизмі көрсетілген жоқ. Сондықтан әкімдер жерді бұрынғы тәртіппен берді.

Нұртуған Тұржанов,  Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:
Бұл мемлекеттегі белгілі бір уақыттағы жер көдексіне сәйкес, қолданылудың барысындағы ақтаңдақ дейміз ба? Нақты, дәл,, дұрыс заңды орындалуын жоғары жақтан тікелей талап етілмеу кезеңіндегі түсінбестіктің барысында туындаған жағдай. Бұл жерде мемлекеттік басқарушы әкімдердің бәрін кінәлі дей алмаймыз. 

Алайда, бұған дейінгі жағдайда Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында әкімдер тарапынан заңға қайшы әрекеттер анықталды. Комиссия отырысын өткізбей, қолдан хаттама жасау, бір жерді бірнеше адамға беру фактілері бойынша әкімдер мен бөлім басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Аталған аудандардың кәсіпкерлеріне қатысты толық ақпаратты облыстық кәсіпкерлер палатасынан сұраған едік. Бірақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатсындағылар бұл іске қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Ал, жерін алып қалған кәсіпкерлердің қалай оң шешім шығартып алғандарын жарияламайтындары айтпаса да түсінікті.

Нұртуған Тұржанов,  Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:
Жерінен айрылған азаматтардың қандай жазығы бар? егер әкімдердің тікелей кінәсінен болса, келесі бір нормалар арқылы кәсіпкерлердің ол жерге салған шығындарын мемлекеттен өндіру заңмен көзделген. 
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Демек, бейнеулік кәсіпкерлердің жері кері қайтарылса, олардың шығынын мемлекет өтейді. Бұлай болуы әбден мүмкін. Себебі, аудан басшылығы қайтарылған жерлердің аукцион арқылы қайта сатылатынын айтады. Конкурсқа кез-келген адам қатыса алады. Сонда кәсіпкер өз жерін ала алмай қалуы да ықтимал. Олай болса, нысанды сүріп, шығынды мемлекеттен өндіруден басқа амал жоқ. Ал, 72 кәсіпкердің шығыны 1 млрд 400 млн теңге.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу