Жошы хан кесенесі бүгінгі күнге дейін 8 рет реставрациядан өткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жошы хан кесенесі бүгінгі күнге дейін 8 рет реставрациядан өткен

28.05.2021

 Ұлытауда Жошы хан мазары маңында салынып жатқан тарихи-мәдени кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Енді кесенеге барам, мінәжат етем деушілерге онда барлық жағдай жасалады. Жалпы қарт Ұлытау баурайында соңғы жылдары туризм жанданып келеді. Көпшілікке арналған заманауи «Сапар орталығы» бой көтерді. Ұлт ұясы Ұлытаудан тілшіміз Руслан Нұрланұлы.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
-Жошы хан кесенесі бүгінгі күнге дейін 8 рет реставрациядан өткен. Нысан қайта жаңғыртылды. Ал маңына тарихи-мәдени кешен салынды. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның еңселі ескерткіші де бой көтерген.

Тарихи-мәдени кешеннің құрылысы маусым айында аяқталады. Оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мұнда көрме залы, кәдесый дүкені,зиярат етушілерге, туристерге арналған қонақ үй, шаруашылық бөлімдері жұмыс істейді. Кесенеге баратын жол жаңадан салынған.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының» директоры:
Мысалы Жошы ханның 1946 жылы түсірілген суреті бар. Ол суретті қарасаңыз күмбезі жоқ, порталының жартысы жоқ, бұрыштарының бәрі құлаған болатын. Оны біз сол қалпында қалдыратын болсақ бүгінгі күнгі оның көптеген сырларын, архитектуралық әдістерін біз білмейтін едік.

Ұлт ұясы Ұлытауда тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Соның 337-і ғана ресми тіркелген. Ал Алтын Орда тарихымен байланысты 30дан астам ескерткіш бар. Оларды көру үшін туристер мыңдап келеді. Туристік кластерді дамыту үшін мұнда бұрын-соңды болмаған зәулім «Сапар орталығы» салынды. Оған республикалық бюджеттен 546 миллион теңге бөлінген. Мұнда музей, туристік бағыттар бойынша гидтік бөлім қызмет етеді.

Аман-Серік Есенғалиұлы, мұражай қызметкері:
Қазіргі таңда осы деңгейде 2 тур агенттігімен жұмыс жүргізіп отырмыз. Ал негізгі біздің ресми сайтымызда өзіміздің туристік бағыттарымыз орнатылған. Бізде 25 кешен бар, солардың барлығының бағыты орналастырылған.

Өлкедегі Алаша хан, Жошы хан, Келін там, Талмас ата, Болған ана, Құлан ана мазарлары, Едіге, Тоқтамыс жатқан жерлерді, Таңбалы тас пен Теректі петроглифтерін, аңызға тұнған Әулиетауды көруге құштар саяхатшылар жыл санап көбеюде. Өткен жылдан бері тарихи орындардың бірқатары жөнделіп, маңайы абаттандырылды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу