Түркістан облысында жоғалған 7 туристің үшеуі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жоғалған 7 туристің үшеуі табылды

28.05.2021

Түркістан облысының Төлеби ауданында жоғалып кеткен жеті адамды іздеу жұмыстары бүгін төртінші күн жалғасып жатыр. Таңғы сағат алтыдан бастап қайта жанданған іздеудің ауқымы да кеңейді, алпысқа тарта адам жұмылдырылды. Еріктілер мен таулы аймақты жақсы білетін альпинистер көмекке келіп жатыр. Себебі жоғалған студенттердің туыстары әлеуметтік желі арқылы тауға жиі шығатын саяхатшылардан және мамандардан көмек сұраған болатын. Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция өкілдері, ұлттық парктің қызметкерлері мен жас саяхатшылардың туған туыстары да іздеу шараларына тартылды. Еске салайық, 7 студент 21 мамыр күні «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағына саяхаттаймыз деп шыққан. Содан бері олардан хабар-ошар жоқ.

Талғат Досалиев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Бүгін қосымша әуеден шолу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар осы адамдарды іздеу жұмыстарына квадрокоптер ұшу аппараты қосымша жұмылдырылды.

Соңғы мәліметтер бойынша, жоғалған жеті адамның үшеуі табылған.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу