Алматы облысында үш аусымды мектеп мәселесі жуырда шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында үш аусымды мектеп мәселесі жуырда шешіледі

27.05.2021

Жыл басынан бері Алматы облысына 127 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы өңір басшысы Амандық Баталов мәлімдеді. Жалпы аймақта пандемияға қарамастан барлық салада өсім сақталған. Ертеректе жабылып қалған зауыттарды қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Облыста өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілген. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3%, құрылыс жұмыстары – 4,2%, сауда – 3,7%, ауыл шаруашылығы 0,5% өсті.  Агроөнеркәсіп саласында импортқа тәуелділіктен арылып, ішкі өндірісті арттыру үшін ауқымды жоспар түзілген.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: 
Ұлттық жоба шеңберінде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, сүт өнімдері, дәнді және майлы дақылдарды өндіру мен өңдеу бойынша жеті ірі экожүйе қалыптастыру жоспарланған.

Туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір Алакөлге тікелей бару үшін қорғаныс министрлігінің иелігінде болған әуежай қайта жабдықталған. (ГЕО: БЕЙНЕҚОР) Еліміздің үш қаласынан ұшақ қатынайды. Оған қоса Ресейдің Томск, Омбы, Новосібір қалаларынан ұсыныс түсіп жатыр. Алайда, әуежайдың ұшу алаңы көп ұшақ қабылдай алмайды. Сондықтан оны қайта жөндеуге шешім қабылданған.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: 
Әуежайдың ұшу алаңына 4,7 миллиард, сондай-ақ, шамамен 2,5 миллиард теңге аэронавигацияға, қоршауға, күзет сигнализациясы, жарық және тағы басқа шараларға жұмсалады. Ұшу алаңын жөндеп шықсақ, Боинг-737 сияқты жолаушылар ұшағын қабылдай аламыз. Туристер де, қызмет көрсету сапасы да көтеріледі.

Өңірде халық санының өсу қарқыны жоғары. Жыл сайын Жетісу жерінде шамамен 50 мың сәби дүниеге келеді. Сәйкесінше білім беру мекемелеріне деген сұраныс артатыны анық. Қазірдің өзінде облыста үш аусыммен оқып жатқан мектептер бар. Амандық Баталов бұл мәселені де жуық арада шешеміз деп уәде етті.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: 
Бағдарламамыз бар. Оны 2025 жылға дейін жасап қойдық. Қазіргі кезде осы жылы қаражат республикалық, жергілікті бюджеттен бөлініп, 28 мектеп салып жатырмыз. Оның 7-еуі жол картасының арқасында. Оның 15-ін осы жылы іске қосамыз. Қалғаны келесі жылы өтеді.

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жасыл аймақтар қатарына өткен. Облыстағы елдімекендердің 60 пайызына табиғи газ тартылағн. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ал ауыз сумен қамту тұрғысында проблема жоқ деді Амандық Баталов.

Оңғар Алпысбайұлы 



Хабарламаларға жазылу