Түркістан облысында жоғалып кеткен 7 адам әлі іздестіріліп жатыр. Олардың адасып кеткені туралы ақпарат 25 мамырда белгілі болған. Алайда, әлі табылған жоқ. Әзірге жас туристердің Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем табиғи паркінің аумағында екені ғана белгілі.
Жоғалып кеткен туристер 21-ші мамырда «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алыпты. Олар 24 мамырда оралуы тиіс болған. Бірақ, үш күннен бері хабарсыз.
Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Олар Бесасуға баруға жоспарлағаны туралы хабарлаған. Кешегі күнгі жағдай бойынша 37 шақырымнан астам жерлерді жаяу жүру арқылды таулы асуларды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, квадрокоптерді көтеру арқылы радиусы 4 шақырымнан асатын аумақтар зерттелді.
Іздестіру жұмыстарына 25 құтқарушы, 2 квадракоптер мен 7 арнайы техника жұмылдырылған. Одан бөлек ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалған азаматтардың туыстары да атсалысып жатыр.
Қанат Қарабалаев, Түркістан облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Сонымен қатар шекара қызметінен де төрт атты қызметкер, атпен іздестіру жұмыстары арнайы кинологиялық топта іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақтар әуеге көтеріле алмаған еді. Бүгіннен бастап туристерді іздеуге тікұшақтар да жұмылдырылды.
Амангелді Сейітхан