Елбасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады

26.05.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес төрағасы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады. Кездесуде ұлттық компания жұмысының негізгі нәтижелері мен қызметі туралы ақпарат берілді. «Қазатомөнеркәсіп» ең ірі табиғи уран сатушы ретіндегі орнын сақтап қалды. Жаһандық пандемияның сын-қатерлеріне қарамастан, былтырғы табыс – 587,5 миллиард теңгеге жетті. Ал таза пайда 221 миллиард теңге. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа холдинг кәсіпорындарындағы вакцинация қарқыны туралы, компанияның ірі жобаларының жүзеге асырылуы, жылу бөлетін құрамалар шығаратын зауыттың іске қосылуы жөнінде баяндалды.

Сондай-ақ Елбасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады. Кездесуде мемлекетаралық диалогты нығайтудың маңыздылығы сөз болды. Кеңестің Азияда және бүкіл дүние жүзінде ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы айтылды. Қазір Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті барлық іргелі принциптері мен мақсаттарын сақтай отырып ауқымы кең ұйымға айналдыруға мүмкіндік бар. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің одан әрі дамуына қолдау білдірді.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу