Өткен тәулікте 2577 адам коронавирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен тәулікте 2577 адам коронавирус жұқтырған

16.05.2021

Covid-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпарына келсек, 2577 жұқтырған, 17 адам қайтыс болған, 822 адамның жағдайы ауыр, 192 адамның жағдайы өте ауыр. 111 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, екпенің екі дозасын да салдырған адам - 753 977. Осы вакциналауға байланысты мынадай мәселе:

Бас санитарлық дәрігер Спутник V вакцинасының екі дозасының арасын 21 күннен 90 күнге дейін ұзартқаны мәлім. Е.Қиясов Спутник V вакцинасын шығарған Ресейдегі Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы басшысы Гинцбургтің пайымы осындай дегенге келетін комментарий берген. Бұған жұмада Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов фейсбукте өз пайымымен бөлісті. Себебі екі дозаның арасын ұзартқанға қоғам да наразы. Сонымен депутат Гамалея орталығы басшысының нақты не дегенін келтіреді. Гинцбург, екі дозаның арасындағы интервалды ұзартуды шетелдік әріптестер сұраған, бұл мүмкін деп жауап бергендерін телеграм-каналда жазған.

Және мұның Ресейге қатысы жоқ. Яғни оларда сол бұрынғыша 21 күн. Интервал қатаң сақталады. Вакцинаға клиникалық сынақтар жүргізгенде тиімділігі сол аралықта анықталған. Ал 21 күннен асырып салғанда не болатыны клиникалық түрде зерттелмеген.

Осыларды баяндай келе депутат: Қиясовтың дозалардың арасын 45 күннен 90 күнге дейін ұзарту халықты иммундауды жылдамдатады деуі парадокс, тіпті ақылға сыймайды, дейді. Адам екі компоментін алғаннан кейін ғана вакциналанған болып есептелетінін ескерсек, қыркүйекке дейін 10 млн адамға екпе салынады деген Денсаулық сақтау министрінің жоспары іске аспайды. Себебі қазір екі дозасын да қабылдағандардың саны 750 мыңнан енді асты. Ал интервал ұлғайған сайын меже де алыстай береді.

Ең қызығы – Денсаулық сақтау министрі А.Цой 21 күннен кейін екінші дозасын салдырғысы келетіндердің бетінен қақпауға уәде берген. Дегенмен министр уәдесінің орындалмай жатқанын қазақстандықтар жазып жатыр. Ал министрлік, жоқ, кім қалайды, салғызып жатыр деп мойындамайды...


Хабарламаларға жазылу