Израиль Газа секторына жаяу әскер кіргізуге әзірленіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Газа секторына жаяу әскер кіргізуге әзірленіп жатыр

14.05.2021

Израиль Газа секторына жаяу әскер кіргізуі мүмкін. Сондықтан ол палестиналық анклавтың маңына танкілерін шоғырландырып, резервтегі 9 мыңдай адамын армия қатарына қайта шақырды. Дегенмен, Хамас қозғалысының бақылауындағы секторға басып кіру туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Еске салайық, палестиналық қарулы топтар мен Израиль армиясы арасындағы қақтығыс дүйсенбіде ушыға түсті. Содан бері еврей мемлекетінің әуе күштері Газаға әуеден соққы беріп, талай ғимаратты жермен-жексен етті. 120-ға жуық палестиналық мерт болып, 830-дан астамы жараланған. Өлгендердің ішінде 31 бала мен 19 әйел бар. Ал, Израиль Хамастың зымырандық шабуылынан 7 адам жоғалтқан.

Зорлық-зомбылық Израильде арабтар мен еврейлерлер арасындағы араздықты тіпті өршітіп жіберді. Бұл – 2014 жылдан бері Таяу Шығыста болған ең үлкен әскери жанжал. Оған еврейлердің Шығыс Иерусалимдегі мұсылмандар мен иудейлер үшін қасиетті саналатын жерден араб отбасыларын күшпен көшіру әрекеті себеп болды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу