ШҚО-ның пошта бөлімшесінен 14 миллион теңгені қолды еткен ұры ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның пошта бөлімшесінен 14 миллион теңгені қолды еткен ұры ұсталды

20.02.2019

Ол банкоматқа техникалық қызмет көрсететін жұмысшы болып шықты. Әккі ұры банкомат касеталарын ауыстыру кезінде құлыпты әдейі ашуға ыңғайлы етіп қалдырған. Сосын түнде терезе арқылы ғимаратқа кіріп, бар ақшаны сыпырып кеткен. Қылмысын жасыру үшін поштаға өрт қойған.

Абырой болғанда, Үржар ауданының полицейлері қылмыстың ізін суытпай ашты. Өйткені қолды болған қаражат әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыға арналған еді. Енді бөтеннің мүлкін жымқырып, ол аздай, өрт қойғаны үшін 23 жастағы жігіт 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, облыстағы пошта бөлімшелеріне былтыр 11 рет ұры түсіпті.

Нұркен Көпжасаров, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:

- Осы 11 факті болған соң біз «Қазпоштаға» өз атымыздан үлкен хат жаздық. Ұрлықты азайту бойынша арнайы бағдарламамызға сәйкес, сіздерде бейнекамера болу керек, күзетке тапсырылуы немесе арнайы дабыл жүйесі болуы тиіс деп айттық. Олар хатты алып, қаражаттың болмауына байланысты оны қамтамасыз ете алмайтынын айтты.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу