Оқыс оқиға кеше түнде «Алғабас-6» шағын ауданындағы №144 үйде болған. Мерт болған 59 жастағы Талғат Жастықбаев - Ауған соғысының ардагері.
Қайғылы оқиғаның қалай болғаны мына бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Одан ер адамның лифтінің шақыру тетігін басып, ұзақ уақыт көтерілмегеннен кейін, есігін ұрғанын көруге болады. Соңында жеделсатының астыңғы тұсынан тебеді. Сол кезде есік сынып, ары қарай құлап кеткен. Куәгер көршілері мұндай соққыға есіктің қалайша сынып кеткеніне түсінбей дал.
Айдана Шүйіншалиева, «Алғабас-6» шағын ауданының тұрғыны:
- Итерген кезде лифт есігі қозғалып тұр. Бұл қалай болғаны?
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде жеделсаты жиі істемейді. Сол кезде есікті иықпен итеріп қалса, лифт келеді екен. Қайтыс болған адам да сол тәсілді қолданған болуы мүмкін. Бұзылып қала беретін лифтіден шаршаған тұрғындар жауапты мекемеге бірнеше мәрте арызданған. Бірақ олар жөндеу жұмыстарын жүргізген емес.
Ал, осы үйдегі лифтінің техникалық жағдайына жауапты «Алматылифт» өкілдерінің сөзінше, бұл лифт 2015 жылы пайдалануға берілген. Жарамдылығы - 25 жыл. Соңғы рет 17 қаңтарда техникалық тексеруден өткен. Сондықтан кеше уақытша істен шыққаны болмаса, талапқа сай әдеттегідей жұмыс істеп тұр.
Қазір оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталды. Енді тұрғындар лифтіге жақындауға қорқып қалған. Ал, мамандардың мәліметінше, Алматыда қазір 1100-дей лифтіні ауыстыру керек.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.