Қазанда мектептегі атыстан 8 адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазанда мектептегі атыстан 8 адам мерт болды

11.05.2021

Татарстан астанасы Қазандағы мектептердің бірінде болған атыстан 8 адам қаза тапты. Соңғы ақпарат бойынша, олардың ішінде Қазақстан азаматтары жоқ. Ресей тергеу комитетінің хабарлауынша, күдіктінің аты-жөні белгілі. Қайғылы оқиғаны Ресей президенті мен Татарстан басшысы өз бақылауына алған. 

Қазандағы нөмірі 175 мектептегі қанды оқиға бүгін таңертең болды. Қылмыскер ғимаратқа суық қарумен кіріп, бірден оқ жаудыра бастаған. Алдымен мектеп күзетшісі оққа ұшып, кейін қылмыскер оқушыларға оқ жаудырған. 10-15 минут ішінде болған атыстан 8 адам көз жұмды. Олардың біреуі – ұстаз, қалғандары оқушы.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасы Президенті:
Ең алдымен, бұл – үлкен қайғы. 7 баладан айырылып қалдық. Олар - сегізінші сынып оқушылары, 4 ұл, 3 қыз. Бұдан бөлек, 12 бала мен 4 ересек ауруханада жатыр.

Атысты естіген бойда мектеп директоры мұғалімдерге кабинет есіктерін жауып, сыртқа шықпауды ескерткен. Алайда қатты үрейленген балалар бас сауғалап қашып, кейбіреуі терезеден секірген. Соның салдарынан 2 бала мерт болды. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары қылмыскерді тұтқындады.

Светлана Петренко, Ресей тергеу комитетінің өкілі:
Аталған факті бойынша Татарстан тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Күдікті тұтқындалды. Ол – 2001 жылы туған жергілікті тұрғын.

Қамауға алынған 19 жастағы Ильназ Галявиев дәл осы оқу орнын бірнеше жыл бұрын тәмамдаған. Ол «Телеграмм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін Құдаймын деп жариялап, оқиғаға дейін «бүгін көп адамды өлтіремін» деп жазба қалдырған. Тұтқындау барысында, полиция қызметкерлеріне үйінде бомба қойылғанын, осылайша өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан. Енді ол психиатриялық сарапатамадан өтуі тиіс.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасы Президенті:
Қару ресми түрде террористің атына тіркелген.

Бұған дейін екі адам шабуыл жасады деп тараған ақпаратты Лаңкестікке қарсы Ұлттық комитет растамады. Қазір оқиға орны қоршалып, жолдар жабылған. Қаладағы барлық мектептерде сабақтар тоқтатылып, терроризмге қарсы операциялар режимі енгізілді. Ресей президенті Владимир Путин қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтып, қару сату ережелерін күшейту керек деп отыр. Мамырдың 12-сі Татарстанда «қаралы күн» деп жарияланды.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу