Татарстан астанасы Қазанда нөмірі 175 мектепте атыс болып, 8 адам қаза тапты. Бұл туралы ел президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Кейбір дереккөздердің мәлімдеуінше, қайтыс болғандар саны 13-ке жеткен. Олардың көбі оқушы. Тағы 20 шақтысы жараланып, ауруханаға жеткізілген. Оқиға бүгін таңертең болды. Екі ер адам ғимарат ішінде суық қарудан оқ жаудырған. Оқушылар бас сауғалап қашып, кейбіреуі терезеден секіріп, соның салдарынан 2 бала көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, атыстан кейін жарылыс болған. Алайда, құзырлы органдар бұл мәліметті растамады. Қылмыскерлердің бірі тұтқындалып, екіншісі оқиға орнында мерт болған. Қамауға алынған 19 жастағы жасөспірім оқиғаға дейін «Телеграмм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «бүгін көп адамды өлтіремін» деп жазба қалдырған. Оның мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қайғылы жағдайға байланысты Татарстанда мамырдың 12-сі қаралы күн деп жарияланды.
Жансая Қапасқызы