Шымкент қаласы бас санитарының қаулысымен карантин режимі тағы да ұзартылып, кейбір шектеулер доғарылды. Жаңа құжатқа сәйкес ұлттық құрама және клубтық командаларға оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат етілді. Енді олар 30 адамнан аспайтын құрамда спорттық базада тұрып жарыстарға дайындала алады.
Сондай-ақ қарттар, сәбилер мен балалар үйлеріне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған медициналық әлеуметтік обьектілерге, интернаттарға қамқоршылары, асырап алушылары барып қал-жағдайын білуіне қайта мүмкіндік берілді. Ол үшін бұл азаматтар ПТР тестілеуден өткені және оның теріс нәтиже көрсеткені туралы 3 тәулікке жарамды анықтаманы көрсетуі тиіс. Шаһардың бас санитары жаңа қаулыда кәсіпкерлік обьектілеріне «Аshyg» мобильді қосымшасын енгізуді жүктеді.
Ғани Қалмаханов