Үндістанда өткен тәулікте 412 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда өткен тәулікте 412 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

06.05.2021

Үндістан коронавирус жұқтырудан рекорд жаңартты. Соңғы тәулікте мұнда «ковид» 412 мыңнан астам адамнан табылып, 4 мыңға жуығы қайтыс болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, өткен аптада әлемде осы ауруға шалдыққандардың жартысына жуығы және қайтыс болғандардың төрттен бірі Үндістанда тіркелген екен.

Елде коронавирус науқастары 21 миллионнан асып, 230 мыңнан астамы қаза тапты. Бірақ, дәрігер-сарапшылардың болжамынша, Үндістанда құрбандар мен жұқтырғандардың нақты саны бұдан 5-10 есе көп болуы мүмкін. Өйткені, шалғайдағы талай ауылда өлім-жітім есепке алынбай жатыр. Ал, 200 миллион тұрғыны бар Уттар-Прадеш штатының кейбір елді мекендерінде екі үйдің бірінде коронавирустан адам өлген.

Қазір Үндістанмен көршілес Непал, Лаос, Таиландта ғана емес, Моңғолияда да вирус өршіп отыр.

Ал, АҚШ президенті Джо Байден ғаламдық пандемияға тезірек нүкте қою мақсатында вакцина өндіру патентін өзге мемлекеттерге де беру идеясын қолдады. Ақ үй басшысынан мұны демократтар ғана емес, әлемнің 100 шақты елі талап еткен еді.

Канада денсаулық сақтау министрлігі болса, Pfizer вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігін зерттеп, оны 12-15 жастағы балаларға да егуге рұқсат берді.

Арыстан Рысбек


ковид ақш үндістан

Хабарламаларға жазылу