Биыл 836 ауыл әкімі ауысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 836 ауыл әкімі ауысады

05.05.2021

Бұдан былай барлық деңгейдегі сайлау жаңа талапқа сай өтеді. Халықтың бағасын бағамдау үшін бюллетеньге «бәріне қарсымын» жазба енгізіледі. Мұнымен қоса саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі төмендетілді. Енді бұрынғыдай 7 емес, 5 пайыз дауыс жинаса жеткілікті. Бүгін төменгі палата Президенттің тапсырмасына қолдау танытып, ауыл әкімдерін сайлау бойынша заң жобасын мақұлдады.

Биыл 836 ауыл әкімі ауысады. Өйткені, қызметтік өкілеттігі аяқталады. Орнына келетіндерді енді мәслихат емес, халық сайлайды. Сайлау алдағы 2 жыл республикалық бюджеттен, ал, 2023-тен бастап жергілікті жерден қаржыланады.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі: 
2021 жылда өткізу үшін 4,8 млрд теңге, 2022 ж 3,1 млрд теңег бөлінеді.

Әкім лауазымына өзін-өзі ұсынуға, саяси партиялар атынан түсуге де болады. Егер екі жағдайда да үміткер болмаса, онда аудан әкімі кандидат ұсынуға қақылы. Бірақ, саяси додаға сайлаушылардың жалпы санынан 1 пайыз қол жинағандар ғана қатысады. Осы тұста бір гәп бар.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 Бүгінгі заң жобасында қол қоюшылардың жеке басын анықтайтын сериялы нөмірі жоқ. Депутаттар соған түзету енгізді.

Сайлаудың жаңа талабына сай бюллетеньге «бәріне қарсымын» деген графа енгізіледі. Мұндайда дауыс санау бойынша қарсыласынан басым шыққаны жеңіске жетеді. Егер тең түссе, сайлау қайта өтеді. Заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
Осының барлығы Мемлекет басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы бір нақты қадам.
Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері: 
Халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде біз қоғам, түрлі санатттағы адамдардың пікірімен санасуға мүдделіміз. Демек «бәріне қарсы» графасы арқылы көзқарастар алуандығын дамытамыз. Жұртшылықтың ашық ойын біліп, саяси партиялардың рөлін зерделеуге болады.

Жалпы, Мәжіліс сайлау туралы заң жобасының 70 пайыз нормасына түзету енгізді. Жаңа құжатта сайлаудан жеңген әкім жұмысына бірден кірісіп кете алмайтыны жазылған. Ол аудан әкімінің нұсқауын күтуі керек екен. Ал, бұған қатысты түйткілдер бұрынан реттеліп қойған. Тек оны үкімет негізге алмай отыр.

Нысаналы Ығыл, Дарын Сағитов 


Хабарламаларға жазылу