Ақтөбеде жол құрылысының кешігуінен базардың саудасы тоқтаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жол құрылысының кешігуінен базардың саудасы тоқтаған

05.05.2021

Базарға баратын жол жоқ. Ақтөбеде кәсіпкерлер қолдан жасалған кедергінің кесірінен миллиондап шығынға батып жатыр. Қала сыртында орналасқан нысанға баратын жолдың асфальт жамылғысы алынып, шаңы бұрқырап жатқанына бірнеше ай. Салдарынан, базарға адам тұрмақ,көліктің өзі әрең кіреді.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Құрылыстың тоқтап тұрғанына жылдан асқан. Бұл жолдың нашарлығы соншалық, жауын жаумаған күндері де жүру мүмкін емес. Мәселен, дәл қазір екі бірдей көлік батып жатыр.

Базар дәл осы аумақта орналасқан. Осы жерде сауда жасап, нәпақасын тауып жүрген 30-ға жуық кәсіпкердің көбі амалсыз дүкендерін жауып тастаған.

 Базардағылар айналаның бәрі шаң болғандықтан азық-түлік өнімдерін жылдағыдай сыртқа шығарып сатудан да қалған. Көбі жеміс-жидек пен көкөніс бұзылып кетпеуі үшін тауарды тұтынушылардың үйлеріне жеткізіп беру қызметімен айналыса бастаған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмыс таяуда қайта жанданады. Қаланың оңтүстік жағынан айналып өтетін 13 шақырымдық жолдың құрылысына қаржы жетпей қалған.

Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Қазір республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр тағы 300 млн жетіспей отыр. Толығымен ақшасы бөлінген кезде жылдың аяғына дейін бітіруге жоспарлап отыр.

Жауаптылар жолдың базар маңындағы бөлігі алдағы тамыз айына дейін аяқталады, дейді. Алайда құрылыс басталарда көлік қатынасы мүлдем тоқтауы тиіс. Яғни, кәсіпкерлердің кемінде тағы үш ай күтуіне тура келеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу